Таланттарды іздейміз
Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жыл сайынғы дәстүрлі үрдісі бойынша Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұымдастыруымен, сазгер Болат Хамзаұлының туған күніне арналған мектеп оқушылары арасында “Таланттарды іздейміз” атты ән байқауы өтті.
Бұл байқауға ауыл, ауылдық округтар мен аудан орталығындағы мектеп оқушылары қатысып, киелі сахнада өнер көрсетті. Байқауды өткізудегі мақсат – сазгердің сырлы әндерін кеңінен насихаттап, аса қабілетті, дарынды оқушыларды халыққа таныстыру.
Аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров өнер додасына алғаш түсіп тұрған жас өнерпаздарға ақ тілегін білдіріп, ән әлемінде қанатарының қатая беруіне тілектестігін жеткізіп, сәттілік тіледі.
Ән байқауы басталмас бұрын 2013 жылғы меценаттар клубы “Қазына” сыйлығының иегері, аталмыш мәденеиет үйінің директоры, сазгердің қызы Гүлзат Хамзина және 2014 жылы Алматы қаласында өткен ХV республикалық “Рауан” фестивалі байқауының 1 дәрежелі лауреаты Алтынай Жаңабай сазгердің әсем әндерін шырқап, сахна шымылдығын ашып берді.
Айтпақшы байқау барысында орындау шеберлігі, әртістік қабілеті, сахна мәдениеті, ән ырғағына ауытқымау тағы да басқа талаптармен шектелегендігін жүргізушілер еске салды. Сонымен ән байқауына бақтарын сынауға келген үміткерлер алдын – ала тартылған жеребе бойынша сазгердің әндерін шырқай бастады. Шынымен ізденіп талаптанатын болса Б.Хамзиннің әндері өте көп. Ол үшін ізденіс керек. Мәселен, байқауға қатысқан 21 оқушы сазгердің “Жас отау”, “Қалқатай”, “Қайдасың, Шолпаным – Жұлдызым”, “Торғай қызы” әндерін көптеп шырқады. Десекте, әрқайсысының орындаушылық шеберлігі әр түрлі. Бірі сөздерін шатастырып айтып жатса, енді бірі ән ырғағынан ауытқып жатты. Бұл дегеніміз ән сабағынан дәріс беретін мұғалімдер тарапына үлкен сын.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Албарбөгет орта мектебінің оқушысы Еркежан Сайын жеңіп алды. 1 – орынды Ғ.Қайырбеков атындағы орта мектебінің оқушысы Алтынай Дәуір иеленді. 2 – орын Қ.Топаев атындағы орта мектебінің оқушысы Қасымжомарт Рақым місе тұтса, 3- орын Қ.Жармағанбетов атындағы орта мектебінің 3 сынып оқушысы Ералы Сабыржанұлының еншісіне бұйырды. Әкесінің құрметіне арналған ән байқауында Гүлзат Болатқызы отбасының атынан арнайы жүлде тағайындап, ақшалай сыйлықтарды Амангелді орта мектебінің оқушысы Ермұхан Бекзат пен “Балдырған” балабақшасының кішкентай бүлдіршіні Мәдина Қабжәлелге табыс етті.
Талай өрендерді қанаттандырып, республикаға танытқан өнер мектебінің ұстаздары байқауға қатысқан жас өнерпаздарды биік белестерге шығаратынына сенімім мол.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы