Жолда жүру тәртібі қатаң бақылауда
10 күннің айналасында 1606 ереже бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде, жаяу жүргіншілер жолағына қатысты 17 көлік жүргізушіге айыппұл салынса, осы сияқты көлікті мас күйінде басқарған 59 азамат тиісті жазасын алды. Сондай-ақ, жолда жүру ережесіне қайшы әрекетке барған 156 жаяу жүргінші тәртіпке шақырылды. Бұл мәліметтің бәрі – «Жаяу жүргінші жолағы» шарасы шеңберінде полицейлердің күшейтілген бақылаумен атқарған жұмыстарының нәтижесі.
Мәселен, 327 нөмірлі әмбебап полиция автобақылауы ғана бір күнде екі көлік ұрлаушыны және онға жуық өзге де ереже бұзғандарды қолға түсірді. Мұндай жеделдікке дыбыстық және бейне бақылау құрылғыларының ықпалды болғаны сөзсіз. Осы жолы тәртіп сақшылары «дыбыс және бейне жазба жүріп жатқанын ескертеміз» деген мәтінді кестешені УАЗ-дарының әйнегіне бекіте шығыпты. Аталған тақташа әмбебап полицейлердің барлығының көлігінде ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап пайда болған-ды. Бақылау және жазба құрылғыларының құқық бұзушыларды құрықтауда құрығы ұзын екенін айтады сала қызметкерлері. Жол ережелерін қадағалауды былай қойғанда, жол үстіндегі жемқорлық деректерін тап басатын да кездер кездеседі екен. Сондай-ақ, жол ережелерін жаяу жүргіншілер де көлік тізгініндегілерден кем бұзбайды. Тәулігіне тіркелетін олардың тәртіпсіздігі 10-дап саналады екен. Жыл басынан бері Қостанай облысында жаяу жүргіншілер кінәсінен 15 апаты болыпты. Одан 11 адам жапа шегіп, төртеуі жан тапсырған.
Жедел басқару орталығы «Қауіпсіз аула» жүйесіндегі бейнебақылау құрылғыларының көмегімен де қалтарыстардағы құқық бұзушылыққа тұзақ тастай алуда. Осы жүйе көмегімен талай қылмысқа тосқауыл салынды.
Жандос Жүсіпбеков