Мал шаруашылығына бетбұрыс
Былтырғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан Қарабалық ауданының диқандары 276 мың тонна астықты қамбаға құйды. Жергілікті шаруалар орташа есеппен гектарынан 12, 8 центнер өнім алды. Алдағы көктемгі егіс науқанына уақытылы кірісу жұмыстары күн тәртібіне қойылып отыр. Өңірдегі өзге де салалардың даму көрсеткіштері туралы аудан әкімі Алмат Ысмағұловтың есебінде айтылған болатын.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қарабалық ауданында мал шаруашылығының өркендеп келе жатқаны байқалады. Ірі қара саны 8,6 пайызға арт-қан. Асыл тұқымды мал басы да көбейген. Аудан әкімінің айтуынша, мал шаруашылығының дамуына мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп.
– Саланың дамуына мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Мәселен, "Сыбаға","Алтын асық", "Құлан" және "Ырыс" бағдарламалары бойынша ұсыныстар қабылданып, ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары көбейді. Былтырғы жылы ауылшаруашылығын субсидиялау көлемі 970 млн. теңгені құрады. Соның 148 миллионы мал шаруашылығына бағытталған, – деді Қарабалық ауданының әкімі Алмат Ысмағұлов.
Аталмыш ауданда австралиялық асыл тұқымды мал санын көбейтуге ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, "Север Агро Н" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі австралиялық ірі қара санын 4 000, ал "Терра" ЖШС-сы 966 басқа жеткізген. Мал шаруашылығын одан әрі өркендету жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Мәселен, ақжолтай жобалардың бірі ретінде "Ақ-Бидай-Агро" кәсіпорнының бордақылау алаңын атауға болады. Кәсіп-орын үш мың ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысын бастамақ. Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 2015 жылы 1500 ірі қараны бордақылау қарастырылған. Жылына 500 тонна ет өндіретін мал сою цехының құрылысы да жоспарда бар.
"Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасының шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашып отырғаны анық. Бағдарлама басталғалы бері құны 159 млн. теңге болатын 14 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар биылғы жылы да жалғасады. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға қолдау жасалады. Ал "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша 48 шағын несие берілген. Бағдарламаның арқасында кәсіби курстан өтіп, жұмысқа орналасқан азаматтар да баршылық.
Шалғайдағы ауданның халқы "Ақ бұлақ" бағдарламасының шапағатын көріп отыр. Қазіргі уақытта сегіз ауыл орталықтандырылған суқұбыры жүйесіне қосылған. Халықты газбен қамту мәселесі кезең кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы Святослав селосына газ тартылған болатын. Ал биыл Научное-Тоғызақ, Ворошилов ауылдарына газ құбырын тарту жоспарланып отыр.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
1 Response
[…] жұмыстары күн тәртібіне қойылып отыр деп хабарлайды Қостанай таңы газетіне сілтеме жасаған […]