Елді мекенде ескерткіш еңсе түзеді

Владимировка ауылында соғыста қаза тапқан жерлестер құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткішке айтылмыш елді мекеннен қан майданға аттанған боздақтар есімі қайта тізімделген. Салтанатты шарада сөз алған Қостанай ауданының әкімі Тауба Исабаев:
– Қостанай ауданынан Ұлы Отан соғысына он сегіз мыңнан астам адам аттанған. Көбісі қаза тапты, із-түссіз жоғалып кеткендер қаншама. Жеңістің мерейтойы қарсаңында ескерткіштердегі тізімдер қайта толықтырылды. Владимировка ауылынан аттанған тағы елуден астам солдаттың есімі белгілі болды. Ерлердің ерлігін ұрпаққа үлгі ету ісі жалғаса бермек, – деді.Владимировка
Отан үшін басын оққа тіккен ерлер есімін ескерусіз қалдырмау өскелең ұрпақтың міндеті екенін тілге тиек етті ардагерлер кеңесінің мүшелері. Владимировкада бұл турасындағы тәлім-тәрбие  түзу жолға қойылған. «Олимп» әскери-патриоттық клубы мүшелері екінші дүниежүзілік соғыста оққа ұшқан ауылдастарының жатқан жерін іздеп, сонау Ресейге дейін барып келді. Мәселен, майдангер Павел Доценконы жерлестері көз жұмған жауынгерлер қатарына қосып жүріпті. Клуб мүшелері оның көзі тірі екенін, Қостанай қаласында тұратынын анықтады. «О дүниеден оралған» ардагер де салтанатты шараның құрметті қонағы болды.
 
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓