Әскери Даңқ Кітабы мұражайға тапсырылды
Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына арналған «Есте сақтау Эстафетасы» жобасының қорытынды рәсімі бүгін І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Бұл жоба туралы, оның әр қала, аудандарда ұйымдастырылуы жайында «Қостанай таңы» газетінде бірнеше мақалалар жарияланғаны белгілі. Игі шараның өңірімізде кең көлемде аталуына мұрындық болған Қостанай облысы ішкі саясат басқармасы, облыстық ардагерлер ұйымы және облыс әкімдігінің мұрағат және құжаттама басқармасы екенін айта кеткен жөн.
Жобаның мақсаты айқын. Ол – сұм соғысты көрген ардақты ардагерлер мен куәгерлерінің естеліктерін Әскери Даңқ Кітабына қалдырып, келер ұрпаққа насихаттау. Былтырғы жылдың маусымынан бастап биылғы жылдың сәуіріне дейін жалғасқан Эстафета Жеңістің 70 жылдығына арналғаны көпшілікке аян.
Әр аудан, қала мен ауылдардан жиналған шығармашылық өнерпаз жандар мерекелік концерт қойып, сол бір нәубет өліара кезеңнің көрінісін көз алдымызға әкеліп, жиналған жұрттың көңілін толқытып жіберді. Әсіресе, меңдіқаралық талантты қаршадай қыз Майя Орналының орындауындағы Кәдірбек Сегізбаевтың соғыс туралы шығармасынан оқылған монологын ерекше атауға тұрарлық. Ол осы өнерімен 2014 жылы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық «Ақберен» байқауында Бас жүлдені иеленген.
Мерекелік игі шара Әскери Даңқ Кітабының облыстық тарихи-өлкетану мұражайына салтанатты түрде тапсырылуымен тәмамдалды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай