Генералды ұлықтады
Облыс орталығындағы Е. Өмірзақов атындағы филармонияда ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, құқықтану доценті, генерал-майор Т.Қабденовтың 70 жасқа толуына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.
Салтанат иесін облыс әкімі Н. Садуақасов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Укин, 1995-1998 жылдары облыс басшысы болған Т. Қадамбаев, ҚР ІІМ Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі М. Қызылов және тағы басқалар құттықтады, игі тілектерін айтты.
-Талап Қабденов сегіз қырлы бір сырлы азамат деп айтуға болады. Сонымен бірге той иесі Жеңіс күнінің құрдасы. Ол кісі облысымызда ҚР ІІМ жоғары оқу орындарының бірі- Қостанай акадамиясының бастауында, қалыптасуында тұрды. Сонау 1996 жылы ҚР Үкіметінің жарлығымен қолледж ішкі істер органдарының қызметкерлерін даярлайтын ҚР ІІМ жоғары мектебіне айналады. Міне, осы кезде жоғары оқу орнын Т. Қабденов басқарады. Сондықтан да өзіңіз іргесін қалаған оқу орны Сіз секілді болашақ генералдарға білім беріп, тәрбиелеп шығарсын демекпін,-деп жылы лебізін білдіріп, облыс әкімі генерал-майор Т. Қабденовтың иығына зерлі шапан жапты.
Сөз арасында айта кеткеніміз жөн, 1997 жылы осы оқу орнына Елбасымыз Н. Назарбаев келіп, оқу орнымен танысады. Мемлекет Басшысының жоғары оқу орнына келуі-ұжымға үлкен күш-қуат бергендей болады. Бүгінде Қостанай академиясы еліміздегі ҚР ІІМ алдыңғы қатардағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып саналады.
Салтанат барысында сахнада генерал-майор Талап Қабденовке арнаған әнін ҚР мәдениет қайраткері Қ. Деріпсалдин орындап болған соң, композиторға «маған ән арнайтындай атаққа лайық па екенмін осы. Еңбегің үшін көп рахмет»,- деді генерал ағамыз бір түрлі қысылғандай болып.
Салтанат аясында генерал-майор Т. Қабденовтің еңбектегі өмір жолы туралы шағын бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар генерал ағамыздың құрметіне концерт те, құрмет те, сый-сияпат та болды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ