Адам құқықтарының мәселелері қаралды
ҚР Президенді жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясы Қостанай облысының тұрғындарына арнап «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингін өткізді. Іс-шараға облыстық басқармалардың басшылары, жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, азаматтық қоғам институттары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинардың ашылуында Қостанай облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Астанадан келген сарапшылар: ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің құқықтық мәселелер және адам құқықтары бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Гүлмира Қуанжанова және адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев құттықтау сөзін сөйледі.
Семинар барысында Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі жан-жақты зерделенді. Еңбек құқықтарынан туындайтын дау-дамайларды реттеу және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, адам саудасын болдырмау тақырыбында көптеген мәселелер көтерілді. Астаналық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға заңды тұрғыдан ерекше мән берілген.
ҚР Конституциясында мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның өмірі екені тайға таңба басқандай жазылған. ҚР азаматтарының құқықтары мен бостандықтары заңмен қатаң қорғалады. Елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың көптеген тетіктері бар. Семинарда әлемдік-экономикалық дағдарыс жағдайында ҚР азаматтарының, Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан өзге адамдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері де қаралды. Тыңдаушылар еңбек және әлеуметтік дау-дамайлардың алдын алу, оларды шешу тетіктерімен танысты. Комиссия мүшелері мен сарапшылар Т.Әбішев, З.Байсақова, С.Жаркенов нақты мысалдар келтіріп, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы құқықтары мен міндеттері туралы айтып берді. Сонымен қатар Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың тетіктері де сөз болды. Семинар барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен де бөлісті.
-Біз бұған дейін Қазақстанның 7 аймағында оқыту семинарларын өткіздік. Қостанай сегізінші өңір болып отыр. Сіздерден кейін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына барамыз. Келесі жылы бес өңірді аралаймыз. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі біздің жобамызды қолдап, сарапшылардың жүріп-тұруына қолдау білдірді. Семинардың қатысушылары адам құқықтарын қорғауға арналған тетіктермен танысып, хабардар болады деп ойлаймыз.
Адам құқықтары жөніндегі комиссияы жыл сайын мыңдаған азаматтың жазбаша өтініштерін қарайды. Оған қоса 500-дей ауызша шағым қаралады. Тұрғындар біздің қабылдауымызға жазылып немесе телефон арқылы да хабарласады. Өтініш иелерінің 15 пайызының мәселелері нақты шешімін тауып жатады. Біз оларды өз бақылауымызға аламыз, жергілікті атқарушы органдарға, прокуратураның қадағалауына жібереміз. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі соттың шешіміне, қылмыстық істерге, азаматтық және әкімшілік, ювиналдық істерге қатысты өрбиді. Одан кейін құқық қорғау органдарының әрекеті мен әрекетсіздігіне және әлеуметтік-еңбек құқықтарына қатысты шағымдар көптеп түседі,-деді Тастемір Әбішев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.