Мерейлі мерекелерге арналды
Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде Ұлы Жеңіс күнінің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына байланысты аймақтағы білім беру және ғылым қызметкерлері шығармашылығының облыстық байқауының гала-концерті болып өтті. Облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы З. Ділдабекованың айтуынша, білім беру мен ғылым қызметкерлері өнерпаздарының арасында осы тұрғыдағы өнер сайысын өткізудің мақсаты-ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы тарихын зерттеу жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жандандыру, еліміздің өткені мен бүгінгі тарихын сақтау және құрметпен қарау, рухани байлықты дамыта отырып ұлт пен ұлыс мәдениетін тану, ұлтаралық келісімді сақтау, сыйластықты, білім беру қызметкерлерінің шығармашылық белсенділігін дамыту арқылы ұжым ұйымшылдығын дамыту, білім беру мекемелерінде оң моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру.
Байқаудың іріктеу кезеңіне облысымыздың білім беру және ғылым саласының жиырма мыңға жуық қызметкері яғни өңірдегі барлық аудан мен қалаларымыздағы білім беру мекемелері, жоғары, орта буын оқу орындары, мектеп-интернаттары, түзеу мектептері мен балалар үйлері қатысты. Байқау аясында білім саласының өнерлі өнерпаздары өлең айтты, би биледі, музыкалық аспаптарда ойнады, мәнерлеп ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқыды. Байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған білім беру мекемелерінің өнерпаздары, би ұжымдары, әншілер, күйшілер грамоталармен, алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сол секілді Рудный музыкалық, әлеуметтік-гуманитарлық, Қостанай педагогикалық колледждері мен А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, ҚМПИ, Рудный балалар үйінің өнерпаздары байқаудағы орындау шеберлігі, сахналық мәдениеті, мәнді мазмұны үшін арнайы бағалы сыйлықтар және қомақты ақшалай сертификатқа ие болды. Ал, Әулиекөл ауданының өнерлі білім беру қызметкерлері бас жүлдеге ие болып, екі жүз елу мың теңгенің сертификатымен мараптталды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суреттерді түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ