Өрт өршіп тұр
Тұрғындар саяжайлар мен үй аулаларын қоқыстан тазартып, қураған бұталар мен жапырақтарды өртеуде. Ал оның соны оттың пайда болуына әкеп соқтыруда. Мерекелік демалыс күндері облыс бойынша 82 өрт оқиғасы тіркелді.
– Жүргізіліп жатқан жұмысқа көңілім толмайды. Жеке жер учаскелері мен шаруа қожалықтары иелерінің жауапсыздығынан өрт оқиғалары жиілеп барады. Әрбір заң бұзушылық дерегі бойынша кінәлілер тиісті жазасын алсын. Аудан мен қала әкімдері заңсыз қоқыс өртеуге қарсы шара қолданылатын болсын, – деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов аппарат жиналысында.
Осыған байланысты құзырлы органдар дереу бас қосып, 4 жедел топ құруды шешті. Оның құрамына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен БАҚ өкілдері кірді.
Жедел топ мүшелері 22 саяжай қоғамдарының 4752 саяжайды аралап шықты. Үш мыңнан астам азаматпен түсінік жүргізілді. Тексеріс барысында 15 заң бұзу дерегі анықталып, айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Табиғи ресурстар басқармасы тексреу жүргізіп, заңсыз шоғырларған ауылшаруашылық қалдықтарын анықтады. Бұл Меңдіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарының шаруа қожалықтарының салақтығы екендігін айта кеткен жөн.
Махаббат Бекбай