Жол қозғалысы жас инспекторларының жиыны
Мұндай бас қосу осымен 20 рет ұйымдастырылып отыр. Аудан мен қалаларды жас инспекторлар Қостанай облысының атынан халықаралық слетке қатысу үшін бақ сынасты.
– Өскелең ұрпаққа жол қозғалысы ережелерін үйрету, жолдағы балалар жарақатын ескерту – жол қозғалысы жас испекторларының басты мақсаты болып табылады. Ең бастысы жас инспекторлар құрдастары арасында жолдағы қауіпсіз қозғалысын насихаттау жұмысындағы біздің көмекшілеріміз, – дейді слетті ұйымдастырушы ІІД Аппаратының әкімшілік полициясының басқарма бастығының орынбасары Қайрат Ордабаев.
ЖҚЖИ – бұл құрамына он мыңдаған жасөспірімдер кіретін қоғамдық қозғалыс. Ол жол қозғалысында заңды бұзбайтын, білімді жолаушыларды тәрбиелейтін мектеп. Қоғамдық қозғалыстың құрылғанына 40 жылдан асты. Ал слет 20 жыл қатарымен өткізіліп келеді.
Облыстық слетке аудан мен қалалардың үздіктері қатысты. Биылғы жылдың ерекшелігі – «Автокөлікте автокреслоларды пайдаланудың үздік бейнеролигі» тапсырмасында жол полициясы қызметкерлерінің қатысуы болды. Сонымен қоса қатысушыларға өз жасақтары туралы ән шығару талабы қойылды. Автомектептер оқытушыларынан, жол сақшыларынан және білім беру басқармасының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы жас инспекторлар туындыларын бағалады.
ЖҚЖИ 20-ы слетінде барлық талаптарды үздік орындап, бірінші орынды иеленген Рудный қаласының жасағы болды. Ал екінші орынды қостанайлықтар иеленді. Үшінші орынды Қарасу ауданының жас инспекторлары қанағат тұтты.
Махаббат Бекбай