Ынтымақ – ырыс бастауы
1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні мерекесі біз үшін ерекше маңызды. Ынтымағы мен бірлігі жарасып, берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. “Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік” қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Ал халқымыздың бірлігі оданда маңызды.
“Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні” мерекесін тойлау үшін Шақшақ Жәнібек атындағы орталық алаңға жиналған жангелдиндіктер дала сахнасында шырқалған әуезді әндерге елітіп, бір – біріне құшақтарын айқара ашып, мерекелерімен құттықтап жатқан көрністі көріп, ынтымағы жарасқан ел екендігін аңғаруға әбден болады.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин аудан тұрғындарын аталмыш мерекемен құттықтап, ауданымызда 77 өзге ұлт өкілдері тату – тәтті тұрып жатқандығын тілге тиек етіп, соның ішінде ауданымыздың әлеуметтік – экономикасына үлес қосып жүрген жеке кәсіпкерлер Асхат Сафарғалиев пен Таңатқан Бекшентаевтың және жергілікті тұрғындарды жыл сайын арзан бағадағы бау – бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп жүрген Манатцакан Татявасянның есімін ерекше атап өтті. Сонымен қатар барша қауымның отбастарына амандық, кемел еліміздің келешегіне баянды бақыт, бірлік пен ынтымақ тіледі.
Ал Н.Г.Иванов атындағы орта мектептің оқушысы Тамилла Татявасян жүрек – жарды лебізін жыр жолдарымен жеткізіп, қасиетті Торғай жерінде туғандығын мақтан етіп, патриоттық сезімін айқындап берді.
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен “Ынтымақ, Бірлік, Келісім – ең басты байлық ел үшін” атты мерекелік концертте әсем әндер шырқалса, өнер мектебінің “Еркеназ” бишілер тобы би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністерді жұртшылық назарына ұсынды.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы