Жандарбек – жеңімпаз
Жуырда Ы.Алтынсарин орта мектебінде Аманкелді ауданының 87 жылдығына орай мектепішілік "Алтынсарин барысы" турнирі өтті. Боз кілемге шыққан мектептің тоғыз мұғалімі жарыс жүлделерін өзара сарапқа салды. Әр қатысушы өздеріне "Көк бөрі", "Қарабура", "Тарлан", "Алтынсарин арланы", "Алып арыстан" сынды лақап аттарды таңдап алды.
"Айлалы батыр алдырмас" деген, әр қатысушы өзінің айла-тәсілі мен ептілігін танытып, тартысты бәсеке көрсете білді. Жанкүйерлердің қошеметі палуандардың намысын қайрай түскендей. Қарсыластар жауырынын жерге тигізбеуге тырысып, бар күштерін ортаға салды. Үш жарым сағатқа созылған белдесулерде жүлделі үшінші орынды мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Бағлан Тілеужанов еншіледі. Екінші орынды тарих пәнінің мұғалімі Дархан Әубәкіров жеңіп алды. Ал бас жүлдені қанжығасына бөктерген дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жандарбек Молдашевқа "Алтынсарин барысы" атағы қоса табысталды. Турнирге қатысқан барлық палуандарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша, батыр атындағы ауданның әуесқой палуандары қазақ күресінің дамуына өз үлестерін қосып, ұлттық спорттың шалғай өңірлерде кең етек жаюуына ықпал ете білді.
Күнжамал Кенжеахметова.