Амангелділіктер белсенділік танытты
Таңғы сағат 5,00. Ұлттық музыка ойнап тұр. Оның жігерлі үні шартарапқа естілуде. Аудан орталығындағы барлық сайлау учаскелерінің маңында сайлаушылар жүр. № 227 сайлау учаскесінің жанынан Гүлмира Шегенбаева, Айгүл Омарова сынды село тұрғындарын кездестірдік. Екеуі де көңілді.
– Учаскелер жұмысы сағат 7-де басталады ғой, ерте келіпсіздер ғой ? – дедік.
– Сайлау – үлкен мереке емес пе?! Қуанғаннан түнімен ұйқымыз келмеді. Содан екеуміз қол ұстасып, сайлау учаскесіне келдік. Үйімізден күткен не, учаске басында күткен не – бәрі бір емес пе?! Қайта осы жерде күткеніміз жақсы ғой, – дейді Гүлмира мен Айгүл.
Село тұрғындары Берік Нұғманов, Әлімгерей Байдақұлы, Александр Пономаренколарды да осы жерден кездестірдік. Олар да қуанышты екен. Өзара әңгімелесіп тұр.
№228 сайлау учаскесіне келгенімізде сағат таңғы 6-ға 10 минут бар еді. Бұл учаскеге алғашқы болып келгендер зейнеткер Қуаныш Исмағұлов пен аудан сот орындаушылардың басшысы Елжас Сүлейменов болды. Елжастың қасында 4 жасар ұлы жүр.
Таңғы сағат 6-да сайлау учаскесі ашылып, бәріміз ішке ендік. Комиссия мүшелері де көңілді. Алғашқы келгендерді жылы жүзбен қарсы алып, орындықтарға жайғастыруда. Әне-міне дегенше уақыт сырғый берді…
Біз қайтадан №228 сайлау учаскесіне келдік. Таңғы сағат 7- ге 15 минут қалғанда аудан әкімі Жансұлтан Таукенов зайыбы
Нұрбану Малеловамен келді. Жиналған жұртшылықпен кездесіп, оларды еліміздің өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.
Сағат тура 7- де дауыс беру басталды. Бірінші болып жоғарыда аттары аталған Г.Шегенбаева, А.Омарова, Ә.Байдақұлы, Б.Нұғманов, А.Пономаренколар және аудан әкімі Ж.Таукенов, Н.Малеловалар дауыс берді. Осылайша қуанышпен басталған дауыс беру ауданның барлық учаскесінде қызу басталып кетті.
Соңғы мәліметтер бойынша Амангелді ауданындағы 7820 дауыс берушінің 95% өз таңдауын жасады.
Хамитбек МҰСАБАЕВ