Қауіпсіздік қамы
1 қыркүйектен желтоқсан айына дейін Қазақстанда «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді. ҚР Ішкі істер министрлігі аталған іс-шара әртүрлі заңсыздықтардың жолын кесу үшін ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.
Операция кезінде учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтарда түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарды анықтау үшін аулаларды және пәтерлерді аралап шығады. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған азаматтар тексеріледі.
Сонымен қатар, жалдамалы пәтерлер, базарлар және басқа да сауда орындары, тұрмысы нашар отбасылар, жастар мен кәмелетке толмағандардың шоғырлану орындары бақылауға алынады. Азаматтық қару иелері мен шетелдіктер де назардан тыс қалмайды.
«Полиция саяжайларды, құрылыс нысандарын, оның ішінде тоқтатылған және қараусыз қалған, шатырлы және жертөле үй-жайларын аралайды. Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау үшін, азаматтарды құлдыққа пайдалану фактілеріне, тіркелмеген қарулар мен басқа да тыйым салынған заттарды сақтауға жол бермеу үшін шаруашылықтардың қыстау-жайлаулары да тексеріледі», – деді Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының кеңесшісі Елена Кашарина.
Оның айтуынша, іс-шараның алғашқы алты күнінде Қостанай облысының полицейлері 13 мыңнан астам пәтерді және 8 мың жеке үйді аралаған. Сондай-ақ 187 жалдамалы пәтерді тексерді. Тұрғын үйді заңсыз жалға берудің 66 фактісі белгілі болып, олар туралы салық органдарында хабарланды.
«Базарларда және басқа да сауда орындарда 103 рейд жүргізіліп, үй-күйсіз жүрген 31 адам анықталды, оның бесеуі Қостанай қаласы ПБ қабылдау-бөлу орнына орналастырылды. Алкоголь ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде барған 15 жасөспірім ұсталды. Тағы 5 жасөспірім ересектердің қарауынсыз ойын-сауық мекемелеріне барған», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Іс-шара аясында, алғашқы аптада тұрғылықты жері бойынша полиция органдарының есебінде тұрған 1896 адам, атыс қаруын ұстайтын 1029 адам тексеріліп, әкімшілік жауапкершілікке 1 158 құқық бұзушы тартылған.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ