Лисаков – болашақтың қаласы

Бүгін кеншілер шаһарында "Қостанай таңының" күндері өтеді
9Еліміздегі ең жас қалалардың бірінде болған сапарымызда өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, алдағы жоспарларын біліп қайттық. Жағымды жаңалық, толайым табыстар баршылық екен. Бұл туралы Лисаков қаласының әкімі Марат Жүндібаевқа сауалдар қойып, жауабын алдық.
– Марат Қонысбайұлы, моноқалаларды дамыту бағдарламасы – қалаға тың серпін беріп отырғаны анық. Жалпы, Лисаков қаласы аталған бағдарламаның қай бағытына басымдылық беріп отыр, осы жағына тоқталсаңыз?
– Моноқалаларды дамыту бағдарламасындағы мақсаттар белгілі. Лисаков – жас, ықшам қала, құрылыс жағынан түйткілі жоқ. Дегенмен, қазіргі басты мақсаттарымыз ретінде – экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, "якорлық" жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Бұл тұрғыда облыс әкімі Нұралы Садуақасов біздің алдымызға инвестициялар тарту, өндірістерді ашу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамту да басты бағыттардың бірі. Мәселе 100-200 адамды жұмыспен қамтитын ірі өнеркәсіптер құру емес, керісінше, біздің шағын қаламыз үшін 5-10 жұмыс орны бар кішігірім өндіріс ошақтарын ашсақ та үлкен табыс саналады. Осыған мысал ретінде азғана жұмыс күші болса да, бизнестің дамуына ықпал етіп отырған "Тобыл балық" ЖШС тауарлық балықты өсіру және іске асыру жобасын атап өтуімізге болады.
– Қаладағы "Индустрияландыру картасы" бағдарламасының жүзеге асырылу барысын да таныстыра отырсаңыз.
– Биыл 16 желтоқсанда жобалық қуаттылығы жылына 300 тонна өнім беретін жылыжай кешенін іске асыру жоспарлан-ған. Бұл құны 750 млн. теңге болатын бірегей жоғары технологиялық түрік өндірісінің кешені. Жоба бойынша жұмыстар басталды, түрік серіктестерімен монтаждау жүргізілмек. Жоба іске асса, 20 жұмыс орнын ашылады деп күтілуде. Және кешен толығымен автоматтандырылмақ. Инвесторлардың біздің моноқаланы жаңа өндіріс орнын ашуға лайықты деп бағалады. Бұл кешенді несиелеу 10 пайыз құрайды. Одан бөлек, қажетті инфрақұрылымды өткізу мәселесі де оң шешімін тауып, мемлекет бұл мақсатқа 51 млн. теңге қаржы беріп отыр. Бұл қаражат газ құбырын, канализациялық жүйені, жолдарды, сумен қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондай-ақ инвесторларға кешен үшін екі гектар жер тегін беріледі. Осындай нақты іс арқылы бизнестің дамуы мемлекет қолдауы арқылы жүзеге асып жатыр.
– Алда елімізді әлемге тағы бір мәрте паш ететін Астанадағы "ЭКСПО – 2017" дүние-жүзілік көрмесі ашылады. Үлкен шара қарсаңында қандай жұмыстар атқарып отырсыздар?
– Бүгінгі таңда "Интекс Инновация" ЖШС-мен бірлесіп "Ақылды қала" бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Бұл сервистік деңгейді және қауіпсіздікті орталық арқылы басқару принципі бар жаңа мүмкіндіктерге ие қаланың инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған іс-шаралар кешені. Бағдарлама аясында біздің қала "Ақылды ТКШ" және "Ақылды мектеп" басым бағыттарын таңдап алды. Бірінші бағытты іске асыру қаланың "Уста Плюс" ЖШС коммуналдық қызметтерінің көлігін GPS/ГЛОНАСС мониторингілеу жүйесін орнатудан басталды – қаланы тазалау, көліктердің жанармайды шығындау және санитарлық тазарту бойынша жұмысты нәтижелі бақылауға мүмкіндік берді. Лисаков қаласының электронды картасы жасалып, онда коммуникация сызбалары (жылу жолы, су құбыры, жоғары қысымдағы газ құбыры, тіреуі бар электр желілері) орналастырылды. Мамандандырылған жабдық арқылы картадан апат орнын анықтауға болады, қалалық жарықтандыру жүйесін және нақты коммуналдық желі учаскелерін бақылау мүмкіндігі бар. Ал жылу беруді автоматты түрде реттеу мақсатында көп қабатты үйлердің бірінде "Комфорт" жүйесі орнатылды – осы тәжірбиені таратуды көздейміз.
Екінші бағыт бойынша қала мектептерінің бірі мамандандырылған жүйеге қосылады, онда бейне бақылау, оқуды бақылау және мониторингілеу арқылы оқушылар мен мұғалімдердің қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, мектеп жайындағы санитарлық нормалардың сақталуына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Екі-үш жыл ішінде бұл бағдарламаны біз қаланың барлық мектептерінде қолданамыз деп ойлаймын.
Қала көшелерін жарықтандыру үшін 1 252 тіректің бір бөлігі жарық диодты шамдармен жабдықталған. Алдағы уақытта күн сәулесінен қуат алатын автономды режимде жұмыс істейтін бағдаршам іске қосылады. Өндірісте және тұрмыста жаңа технологиялар негізінде электр энергиясын үнемдеу – уақыт талабы, бұл туралы Елбасы өзінің Жолдауында айтқан болатын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓