Қызметтік лауазымын асыра пайдаланған…
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қостанай қаласының №2 сотының қарауына 1989 жылы туған полиция аға сержанты, жол-патрульдік полициясы батальонының бөлім командиріне қатысты қылмыстық іс келіп түсті.
Іс материалдары бойынша, айыпталушы Д. өткен жылдың желтоқсан айында полиция капитаны А.-мен бірге таңғы сағат 6-лар шамасында қаламыздағы Западный көшесі бойында “ВАЗ 2101” маркалы автокөлігін тоқтатады. Азамат Т. басқарған көлік ішінде тағы да үш адам болған.
Азамат Д. патрульдік автокөліктен түсіп, жүргізушіден жүргізуші куәлігін көрсетуін талап етеді. Алайда, Т. құжаттарын көрсетуден бас тартып, көлік ішінде отырып алады. Есесіне, “ВАЗ 2101” автокөлігінде отырған И. көліктен түсіп, полиция қызметкерінің неліктен себепсіз тоқтатқанын дөрекі түрде сұрап, қайта орнына отырады. Бұған бөлім командирі Д. шамданып, көліктің артқы есігін ашып, И.-ді күртесінен сүйреп сыртқа шығарып, жұдырықпен кеудесі мен бетіне соққы жасайды. Мұнысымен қоймай, ол жерге құлаған жәбірленушіні жұлқылап тұрғызып алып, бетін “УАЗ” патрульдік көлігіне соғады. Осылайша, ол қызметтік бабын асыра пайдалана отырып, қылмыстық іс жасаған. Мұның сыртында, істеген заңсыз әрекетін жасырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтармақ болған тәртіп сақшысы 2014 жылдың 8 желтоқсанында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік басқарған Т.-мен ауызша келісімге келген. Осы келісімнің арқасында полиция қызметкерінен соққы жеп, дене жарақатын алған И. арызбен құқық қорғау органдарына шағымданбайды. Өзара мәмілеге келіп, келісіп алған соң тәртіп сақшысы да Т.-ны әкімшілік жауапкершілікке тартпайды. Бірақ, заңсыздық жасап, лауазымдық құзіретін асыра пайдаланған тәртіп сақшысының ісі бәрібір әшкере болды.
Қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы 2015 жылдың 27 сәуіріне саға.10.00-ге тағайындалып отыр.
Қарлығаш ОСПАНОВА
егер екі жақ келіскен болса бәрібір ол полицияға ештеңе болмайды, ал куәліксіз көлік басқарғаны үшін жауап беруге тиіс.
жалпы мұндай мәдениетсіз, дөрекі пол мамандары қызметтен аластатылуға тиіс.