«Өмір сүру қандай керемет!»
Міне, осындай тақырыппен облыстық білім басқармасы балаларға қосымша білім беретін өңірлік оқу әдістемелік орталығымен нашақорлықтың алдын алу мақсатында үздік әлеуметтік жарнамасының сырттай байқауын өткізді. Байқауға облысымыздың барлық өңірінен жиырма бір жұмыс келіп түсті. Оқушы балалар байқауға жіберген өздерінің жұмыстарына яғни бейнероликтеріне өте жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен қарағандықтарын анық байқауға болады. Сонымен қатар әр бейнероликтің жоғары деңгейлігін де атап кеткен жөн.
Ұсынылған жұмыстар мақсатты аудиториянның қабылдауына жеңіл, түсінікті, ұғынықты тілмен жеткізілген. Жас режиссерлер бейнероликтерінде жасөспірімдердің, жастардың денсаулығына есірткі заттар өз зиянын тигізетіндігін, қолданудың нәтижесінен, әсерінен тәуелділік туындайтындығы туралы анық көрсете білген. Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Қостанай қаласындағы С. Мәуленов атындағы гимназияның оқушылары Дилара Қадырова, Диана Райкина, Інжу Баймуханбетов,екінші орынды Әулиекөл ауданы № 1 Қазанбасы орта мектебінің оқушысы Әсем Батырханова, үшінші орынды Рудный қаласындағы № 7 орта мектебінің оқушысы Нұрсыйла Мейірханова жеңіп алды. Біз жеңімпаздармен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.
-Оқушы балаларымыздың осындай байқауда жеңімпаз болғандарына қуаныштымыз. Осы бейнероиктердің тақырыбы айтқанындай өмір сүрудің керемет екендігін балаларымызға айтып, барлығымыз біріге отырып нашақорлықтың, есірткі заттардың алдын алмасақ, олардың жастарымыздың, оқушы балаларымыздың денсаулығына өте қатты зиян тигізетіндігін, есірткі, басқа да зиянды заттарды қолданса, оған тәуелді болатындығын, нәтижесінде өз өміріне қауіпті я соңы өлімге апаратындығын түсіндіргеніміз жөн. Нашақорлық-әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Қай отбасы болмасын балаларын мұндай қатерлі, айықпайтын дерттен сақтағаны да сақтанғаны да жөн. Мектебімізде нашақорлықтың, есірткі заттардың алдын алу мақсатында оқу жылы бойы тәрбие сағаттарын, түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Салауатты өмір салты орталығының, наркологиялық диспансерінің дәрігер-мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Жоғары сыныптарда мәселен, «Нашақорлық ғасырлық дерті», «Бақытың да, байлығың да-денсаулық, «Зиянды әдеттер» секілді тақырыптарда тәрбие сағаттарын өткіздік,-деді С. Мәуленов атындағы гимназияның әлеуметтік педагогы Бақыт Рахметқалиева, жобаға қатысушы.
– Бейнеролик жасау да оңай емес екенін жұмыс барысында аңғардық. Дегенмен жұмысымызға жауаптылықпен қарап, Бақыт, Назгүл апайларымыздың көмегімен сценарийін жазып, бейнеролик түсірдік. Іздендік, деректер мен мәліметтер жинадық, ғаламторды қарадық. Тіпті байқауда бірінші орынды жеңіп аламыз деп ойлаған жоқпыз. Келешекте таңдап алған мамандығым киномен тығыз байланысты болады деп ойлаймын,-деді бізге үздік әлеуметтік бейнероликтің жас режиссері Дилара Қадырова.
-Оқушы балаларымыз өз жұмыстарында есірткі затына тәуелді болғанда қандайсың, салауатты өмір салтын ұстанып, сабақтан тыс бос уақытыңды дұрыс пайдаланып, өзіңе ұнаған ісіңмен айналысқанда қандайсың деп, салыстырмалы түрдегі сұрақтарға жауап береді. Әлеуметтік бейнероликтің мазмұны қарапайым. Бейнероликтегі кейіпкерлеріміз Диана Райкина да, Інжу Баймұханбетова да өз рөлдерін жақсы ойнап шықты. Інжу – «есірткі сатушы», Диана-«болашақта есірткі қолдансам қайтеді деген ойда жүрген жан» кейіпкерін ойнайды. Диана зиянды заттарды сатып алмас бұрын, көп ойланады. Есірткіге тәуелділік, нашақорлықпен айналысудың соңы- өлімге, уақытың бос өтіп, өмірде бір кірпіш болып қаланбай кететіндігін түсініп, ол жолдан бас тартады. Ең соңында кейіпкеріміз бос уақытын дұрыс пайдаланып, спортзалға барып, салауатты өмір салтын ұстану жолына түседі. Жұмысымыздың енді басты идеясы осы. Өз өмірің өз қолыңда. Оқушыларымыздың тырнақалды жұмыстары іске асып жатса, байқауда жүлдегер атанса, қалай қуанбассыз. Келешекте мамандық таңдауларына да, елінің жақсы азаматтары болуларына да үлкен әсер береді және әр істеріне жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймыз, -деді бізге С. Мәуленов атындағы гимназия директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Назгүл Тоқаева, жобаға қатысушы.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген: Бағдат АХМЕТБЕКОВ