Өзара мықтыларды анықтайды
Затоболдағы «Астана» спорт кешенінде ерлер арасында волейболдан XXIII-ші ҚР чемпионаты 5-ші тур ойындары өз жалауын көтерді. Алғашқы төрт турдың қорытындысы бойынша «Динамо-Қостанай» командасы 44 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап тұр. Сондықтан чемпионаттың кезекті тур ойындарын өз алаңында өткізу құқығына ие болды. Біріншілікте алаң иелерінен өзге жоғары топтың «Б» дивизионында өнер көрсететін бес команда күш сынаспақ. Яғни, 13-18 сәуір аралығында Астананың «Астана-ВЖДО» , Қызылорданың «Қорқыт Ата-ҚМУ» , Алматының «КазНАУ-Алматы», Тараздың «Тараз-ТарГУ», және Хромтаудың «ТНК-Казхром-2» командалары өзара мықтыларды анықтайды.
Ел чемпионатының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралы Садуақасов қатысты. Ол өз сөзінде Тобыл өңірінде спорттың кез келген түрі қарқынды дамып жатқанына тілге тиек етті. Мәселен,«Динамо» қоғамдық спорт федерациясының базасында волейбол, футбол және қысқы спорт түрлерінің белсенді дамуына айрықша көңіл бөлінгендігін атап өтті. «Үстіміздегі жылы қаңтар айында полиция қызметкерлері үшін «Динамо» шаңғы базасы ашылды. Бұл жаңа спорт нысаны тәртіп сақшыларының бұқаралық спортпен шұғылдануына мол мүмкіндіктер береді. 2014 жылы қостанайлық 17 полиция қызметкері регбиден «Динамо» құрамасы сапында ҚР спорт шеберлері атанды. Ал команда ел чемпионатының жүлдесін иеленді»,-деді ол жарыстың ашылу салтанатында.
Облыс спортының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Динамо» қоғамдық спорт федерациясының басшылығы облыс басшысы Н. Садуақасов пен облыстық ІІД бастығы, генерал Т.Маткеновке «Алтын белгі» төсбелгісін табыс етті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ