Өндірісі өрісті, құрылысы қарқынды
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өткен сенбіде Лисаков қаласында жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндіріс орнын және жөндеуден өтіп, құрылысы жүріп жатқан нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.Аймақ басшысы ат шалдырған алғашқы нысан – «Спутник-1» ЖШС. Бұл кәсіпорынның негізгі қызметі – полиэтилен пленкасын өндіру. Өндірістік қуаты – жылына 2100 тонна. Серіктестік өнімдерінің негізгі тұтынушылары – Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары және Алматы қаласының тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары. Мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы 131 мың теңге айналасында. Облыс әкімі бұдан кейін «Өркен» ЖШС филиалына бағыт бұрды. Кәсіпорын өндірісінің қызметі – темір кендерін өндіру және байыту. Жалпы, бұл серіктестікте 700-ден астам адам жұмыс істейді, ал осы учаскеде 75 адам еңбек етіп жүр, олардың орташа жалақысы 160 мың теңгеден асады.
Бұдан әрі «Лисаковсккоммунэнерго» МКК су жылыту қазандығына күрделі жөндеу бойынша жүргізілген жұмыстармен танысты. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 397,028 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталуға жақын.
Сондай-ақ, ол осы сапар барысында теннис орталығының құрылысын тексерді. Теннис корты жобасының құны 312,9 млн теңгеге шақ, орталықтың жалпы ауданы – 2016 шаршы метр. Дәл қазіргі уақытта теннис корттарының едендерін дайындау, инженерлік желілерді төсеу, АБК ғимаратын салу, қасбет және шатырлау жұмыстары жүргізілуде. А.Мұхамбетов өндіріс орнының жұмысымен жақын танысып, жақсы бағасын берді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала әкімі А.Исмағұловқа жоспарланған жобалардың орындалу барысын бақылауда ұстауды, сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.