«Балаусаның» жеңімпаздары
Балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармаларды анықтауға бағытталған «Балауса» бәйгесі қорытындыланды.
Айта кету керек, аталмыш байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты – балалар әдебиетіне қолдау көрсету, қазіргі заман талабына сай шығармалардың жазылуына септігін тигізу. Сонымен қатар осы туындылар арқылы балғындарда туған елге, ата-ана, дос пен бауырға деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі азамат етіп тәрбиелеу.
Шығармашылық бәйгеге танымал жазушылар мен әуесқой авторлар қатысты. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы 210 автордан келіп түскен 250-ден астам туындыны қарап шықты.
2015 жылдың 9 сәуірінде жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы «Бес саусаққа бұйрық» өлеңдер топтамасымен бас жүлдені жеңіп алды. «Қазақпын» атты өлеңдер топтамасымен ақын Ақылбек Қожаұлы үшінші орынды иеленді.
Үздік шығармалар авторлары ақшалай сыйақылармен марапатталды. Ал туындылары республикалық басылымдарда жарық көреді.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков