АРБАЙДЫ, ҚАЛТАҢДА ТҮК ҚАЛМАЙДЫ
Қайбір жылдары көше бойында жалт-жұлт етіп көз тартқан ойын автоматтары қатардағы жастардан бастап салауатты, қалтасы қалың кейбір азаматтардың ақшасын қағып алып, талайдың сақалын сыйпатқан еді. Бұған біреулер айлығын, енді біреулер бар байлығын салып сымпиып, автомат иелері қампиып жатты. Ішпей-жемей барынан айырылғандардың үйіндегі ұрыстар жиілеп, үйден тысқа, тыстан анау мәжіліске жетті. Сөйтіп олар мұны үлкен мәселе етіп көтеріп арнайы Заң шығаруға әкеп тіреді.
Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жататын болды. Сөйтіп ойын автоматтарынан біржола құтылатын болдық деп шәпкемізді аспаға аттық. Алайда ондай ойын ордалары тып тыйпыл құрып кеткен жоқ.
Бүгінгі мақаланың қаһармандары құмар ойынға құмартып, автаматтардың алдынан кете алмай жүргендер. Талай отбасының ойранын шығарған автомат ойындарының шырмауын бақыламақ ниетте біз де ойнап көрдік…
Қазіргі таңда «лотерея киоскісі» деген атпен жұмыс жасап жатқан құмар ойын автоматтарын қаламыздың кез-келген жерінен кездестіруге болады. Оның айналасында жүргендер оңай олжаға кенелгісі келетіндер.
Ойыншының құмарлығын оятатын бұл автоматтар қоғам үшін өте қауіпті. Себебі, қаупі жағынан құмар ойындарға тәуелділік нашаға немесе маскүнемдікке деген тәуелділіктен еш қалыспайды. Ойын автоматтары бар жерлерге, мен де «құмар ойыншының» кейпінде бас сұқтым…
Рудный қаласындағы «Арман» сауда орталығында орналасқан бұл «лотерея киоскісіне» қалтама 2000 теңге сала бардым. Аппараттың басында кәмілеттік жасқа толмаған жастар мен иегін ақ шалған аталарымызға дейін жүр. Автоматқа кем дегенде 200 теңге салып, ойынды бастай беруге болады екен. Қалтамыздан 500 теңге алып, автоматқа салып жібердік. Бойды қорқыныш үрей кетті. Екі рет басып, 3000 теңгені шығарып алдық. Жан-жағымызға адамдар бірден жинала қойды. Олар үшін ол азғантай ұтыс екен. Кейбіреуі тіпті 50-60 мың теңгеге дейін шығарған. Бірақ ұтыстан гөрі, жеңіліс көп екендігін жігіттер мойындап отыр. «Соны түсіне тұра, неге ойнайсыз» деген сауалға, «азарт қой» деп жауап қатты. Негізі бұл автоматтар шынымен де ойыншының құмарлығын оятады екен. Бір рет ақша ұтылып қалған адам, екінші мәрте ұтамын деген оймен қайтып келеді. Ұтысқа ие болса да, қайта келіп ойнай бергің келіп тұрады. Тіпті «осылай табыс тауып отырсам болады екен» деген ой пайда болады. Бірақ қайдам. Әмияндағы бар ақшаның қалай кетіп қалғанын білмей де қаласың. Көп замандастарымыз еңбекпен тапқаны бар, ата-анасы кредит төлеуге жіберген ақшасы бар, әйтеуір қолдағы бар тапқанын салып, ұтылып жатқандар да кездесті. Ойнап жатқандар оны дерт деп түсінгісі де келмейді.
Рүстем, жасы 20-да:
«Мен бұл жерге айлық алған кездері келемін. Әйеліме тапқан табысымның 5-6 мың теңгесін ұстап қалып, қалғанын осы ойын автоматтарына жұмсаймын. Көп ұтысқа ие болған кездері ойынды әрі қарай жалғастырып қайтадан ұтылып қалып жаттым. Көпшілігі ұту үшін емес, уақытын өткізуге келетін сияқты. Өз басым қатты азартқа берілгенмін дей алмаймын».
Нина, дүкенші:
«Кешеге дейін ойын автоматтарының екеуі жұмыс істейтін еді. Жақында тағы біреуі қосылды. Осыны орнатқан кәсіпкердің қалтасы ойыншылардың арқасында қампиып отырғаны сөзсіз. Ойын автоматтарын сондай-ақ «Универсам», «Лада», «109-шы» дүкенінен табуға болады. Барлығы заңды болса керек, жалға алынған орыны үшін ақы төлейді екен. Бірақ аппараттан бір адым жерде алкоголь ішімдіктері сатылады және оны ішуге арнайы орын жасақталған. Сондықтан халық бұл жерде ығы-жығы. Бір жағынан маскүнемдер, екінші жағынан ойынқұмарлар мазамызды әбден алды. Ойын автоматтарының қоғамдық орындарда орнатылуына қарсымын».
Қоғамдық орын демекші, «Ойын бизнесі туралы» Заңның сол 11-бабының 3-тармағында «тайға таңба басқандай» «Ойын мекемелері тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда ғана орналастырылуға тиіс» делінген. Яғни, жоғарыда айтылған ойын автоматтарының барлығы тұрғын үйлердің бірінші қабаттары саналатын сауда орталықтарында орналасқан. Бұл заңбұзушылыққа жатпай ма? Жатпаса Заңның солқылдақ тұстарын жоятын кез келді емес пе? Құқық қорғау органдары бұған не дейді екен? Сіз не дейсіз, ағайын?
Аты бар індет
Ойынқұмарлықты медицинада лудомания деп атайды. Бүгінгі күні тәуелділігі жағынан нашақорлықпен тең дәрежеге қойылып отырған лудоманиямен көбіне жастар ауырады. Жалпы, бұл ауру үш деңгейден тұрады. Бірінші, жеңіл түрінде адам өз-өзін басқара алады. Олар әлі ойынқұмарлыққа толықтай берілмегендер. Екінші, орташа түрінде адамдар уақытының көп бөлігін ойынқұмарлыққа арнайтындар. Үшінші, ауыр түрінде бұлар түгелдей уақытын сонда өткізетіндер. Олардың бүкіл санасы соған ауып, одан шыға алмай қалады. Мұндайлар психикалық әлсіздік кесірінен өз-өзіне қол жұмсауға дайын тұрады екен.
-Көбіне лудоманияға шалдығатындар бірдеңеден ләззат алғысы келетіндер немесе сүйіспеншіліктен жұрдай адамдар. Мұндай адамдардың алдында ешқандай мақсат болмайды. Кеңес сұрап келген ата-аналар мен жастардың арасында өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылғандары да болды,- дейді қалалық емхананың психолог маманы Валентина Цветкова.
Түйін: Не дегенмен азарт ойындары жақсылыққа апармайтыны анық. Еңсесі биік отыз елдің қатарынан көрінеміз деп жүргенде азаматтарымыз осалдық танытып жатса өзімізге сын. Сырт көзге «сыпайы» көрінген ойын автоматтары әлі қанша адамның қалтасын қағып, шаңырағын шайқалтатыны белгісіз. Әзірге бүгінгі күннің бір шындығы осы.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Фотода «Арман» сауда үйіндегі ойын автоматтары
Маселе жаксы котерилген. Осындай автоматтар Костанайда да коп. Будан баска Темир жол вокзалы, бурынгы Астория мейрамханасынын буйиринде арнайы компьютерлик кумар ойын салондары жумыс истейди. Адамдар ыгы-жыгы журген сон кирсем куыс болмеде 10-15 компьютер орнатылган екен. Осы ойын автоматтары каншалыкты занды жумыс истеуде? Макаланын жалгасы есебинде зерттеу жургизип, кузырлы органдардын пикирин жарияласаныздар жаксы болар еди. Жалгасын кутемиз!!!
Казакстанда казинолар жабылганмен олардын орынын буемекерлик кенселер басты.Бул биздин казак жастарын курдымга апаратын жол. Ойынкумарлыктын кесиринен каншама отбасы ойрандалып , каншама шанырак шайкалуда.Буган тоскауыл коятын кез келди.