ӨЗ ӨНІМІМІЗ ӨТІМДІ
Осы аптаның басында қазақстандық «Chevrolet Niva» автокөлігі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС конвейерінен шықты. Машина бөлшектері Самара облысы, Тольятти зауытынан әкелінеді. 2017 жылдың қаңтарында ресейлік «GM-АвтоВАЗ» кәсіпорыны мен «СарыарқаАвтоПром» екіжақты келісімге қол қойған-ды. Енді Қостанайдың көлік өнеркәсібі жаңа үлгідегі «Ниваның» бірнеше түрін шығаруды көздеп отыр.
Былтыр Қостанай облысында жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі артқан. 2016 жылы алғаш рет 12 электромобиль құрастырылды. Ал «Chevrolet Niva» автокөлігінің Қостанайда құрастырылуы қазақстандық нарықта бәсекенің артуына мүмкіндік бермек.
– Кәсіпорын алдында көптеген міндеттер тұр. Ең алдымен, сапа жағына басты назар аударылған. Әрине, шетелден көлік әкелу мүлдем тиімсіз. Өйткені, кедендік рәсімдеу құны шығынды өтемейді. Ал автосалондар мен көлік базарында тұтынушылар саны азайған. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін зауыт отандық өнімді тұтынуға шақырады. «Chevrolet Niva» жаңа үлгіде жасалған. Әсіресе, ауылдық жерлердегі ағайын үшін таптырмас көлік, – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қызметкері Дулат Едрес.
Жаңа көліктің құны – 4 272 000 теңгеден 4 833 000 теңгеге дейін. Жалпы «GM-АвтоВАЗ» былтырғы жылы Қазақстанға көлік бөлшектерінің 23,2%-ын сатқан. Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, жол талғамайтын көлік су, батпақтан өткенде ыңғайлы.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ