ЕАЭО-ны құру қарқынды дамуға жол ашады
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы Қазақстанның әлемдегі жетекші мемлекеттер қатарына көтерілуіне ықпалын тигізеді. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«24.kz» ақпарат порталы келтірген ақпаратқа сүйенер болсақ, шағын құрамдағы кездесуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының басшысы Александр Лукашенко қатысқан еді. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт оған қатысушы мемлекеттерде тұратын халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғандығын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев құжаттың тіліне де қатысты ойын білдірді. «Одақ аясындағы барлық халықаралық келісімдер мен комиссияның шешімдері орыс тілінде қабылданады. Біз осылай деп келістік. Бірақ ол құжаттардың барлығы сол бойда тараптардың мемлекеттік тілдеріне аударылады. Сондықтан тілдік принциптер бойынша ешқандай кемсітушіліктерге жол берілмейді», – деді Президент.