10 сәуірден бастап қаланың кейбір көшелері жөндеу жұмысына жабылады
Биыл облыс орталығының көшелері ұзақ уақытқа жабылып, тұрғындарға қолайсыздық туғызбайды. Қостанай қаласы әкімдігінің бас инспекторы Самат Жанділдиннің хабарлауынша 10 сәуірден бастап Баймағанбетов көшесінің Хакімжанова – Л.Беды аралығындағы бөлігінде қозғалыс тоқтатылады. Өткен жылы аталмыш аумақта су құбырларын жөндеу жұмыстары басталған еді. Тас жолдың беткі қабаты алып тасталған болатын. Енді ол қалпына келтірілмек. Күн райы жылынып, асфальт зауыты өз жұмысын бастаған соң құрылысшылар іске кіреседі. Сонымен қатар Алтынсарин мен Нариман көшелерінде өткен жылы басталған жөндеу жұмыстары жалғасып, мұнда да қозғалыс тоқталмақ.
Махаббат Бекбай