Жас кәсіпкер облыс әкімінен араша сұрайды

Біздің редакциямызға Аманкелді ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Айбек Таңатбаев шағымданып келді. Бір бума қағазын құшақтап, сонау Аманкелді ауданынан ат терлетіп келген жас кәсіпкердің басына не күн туды? Айтуынша, жергілікті әкімдіктегілер оның шағымына құлақ аспай отырған көрінеді.20190312_105802
Айбек – Аманкелді өңіріне танылған белгілі жас кәсіпкер. Ол бүгінде аудан орталығында бөлшек сауда-саттық, такси қызметі сияқты кәсіптерді қолға алып, үш бірдей адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аз да болса үлесін қосып келеді. Жақында қонақ үй ісі кәсібін қолға алып, тағы да тұрғындарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ол – “Жас саясаткер” ақпараттық-насихат тобының тәлімгері, “Нұр Отан” партиясының мүшесі, “Атамекен” ҰКП Қостанай облысы Аманкелді аудандық филиалының қоғамдық кеңес мүшесі, Аманкелді аудандық жастар мәслихатының депутаты, кәсіпкерлік номинациясы бойынша ауданның “Алтын кітабына” да енген, екі рет облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жас кәсіпкер аудан көлеміндегі кез келген әлеуметтік шаралардан да қалыс қалмайды, үнемі қаржылай қодау-көмек көрсетіп жүргені.
Орда бұзар отызға жетпей-ақ бүгінде бірнеше кәсіпті дөңгелентіп үлгерген жас кәсіпкер жергілікті билікке өкпелі екен. Айтуынша, 2017 жылдың қыркүйек айында кәсібін кеңейту мақсатында аудан орталығындағы Дүйсенбин көшесінің бойынан гүл сататын павильон ашпақ болып, жергілікті әкімдікке жер телімін беру туралы өтініш жазған. Көп уақыт өтпей, әкімдіктегілер кәсіпкердің бұл өтінішін қабылдап, рұқсат құжаттарын дайындау үшін тиісті мекемелерге бағыттайды. Қолында Аманкелді ауылы әкімінің сауда павильонын салу үшін 0,0060 га жер учаскесін уақытша пайдалану (жалға алу) құқығымен 3 жылға бекітіп беру туралы өкімі мен елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін бөлуді келісімдеуші органдардың берген қорытындысы да бар. Осылайша, тиісті мекемелерден барлық құжаттарды жинап, рұқсатын алған соң, былтыр “Каспий банктен” 1,5 млн теңге несие алып, павильонды салуға қажетті барлық құрылыс материалдарын сатып алады. Бірақ, өмірде бәрі сен ойлағандай бола бермейді ғой, Айбек аяқ астынан сырқаттанып, аурухана төсегіне таңылады. Сөйтіп, бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың еншісіне қалдырады. Алайда, қолға алған кәсібі орта жолдан тоқырап қалғалы тұр. Себебі, екі жыл өткен соң, яғни жақында жергілікті әкімдіктегілер 60 шаршы метр жер телімінің оған заңсыз берілгенін хабарлап, хат жолдайды.IMG-20190312-WA0040
-Олар әуелде маған жерді ҚР Жер кодексінің 44-бабының 1-тармағы бойынша берген екен. Ал, негізінде, бизнеске жер телімін беру Кодекстің 48-бап, 1-тармағына сай, яғни мемлекет меншігіндегі және қолданыста жоқ жер телімдерін беру және жалға алу сауда жүзінде (байқау, аукцион) жүзеге асырылады екен. Ауыл әкімі білмей отырғанда, оны мен қайдан білейін? Олай болса, ауыл әкімі неліктен маған жер телімі берілді деп хабар жіберді? Одан кейін мен мемлекеттік актіні рәсімдеу үшін, белгілі бір мөлшердегі төлем төледім ғой. Енді ол ақшаны маған кім қайтарады? Мен бұл мәселемен аудан әкімі Әмірхан Біркенұлына кіріп, алдынан өттім. Ол кісіге өзімді таныстырдым, әкім де мені жас демей, кезектен тыс қабылдады. Менің мәселем бойынша анық-қанығын білу үшін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысын да шақырып алды. Бөлім басшысының сөзінше, қазір облыс көлемінде 400-ден астам осындай заңсыз берілген жерлер анықталыпты. Ал, аудан бойынша мен сияқты тағы алты адам зардап шегуде. Бір қызығы, аудан бойынша кәсіпкерлік нысандар салу үшін берілген жер телімдерінің барлығы осы 44-1-бап бойынша жүзеге асырылған екен, бірақ оларды сол қалпында қалдырды, себебі олар бүгінде жұмыс істеп жатыр. Ал, мен бұл жер телімін тапсыруым керек екен, тапсырғаннан кейін 90 күн ішінде олар арызды қарайды, егер қаражат қаралса, аукцион өткіземіз дейді. Ал, 90 күн аз уақыт емес, бизнес уақытты күтпейді, әрі оның соңы сағызша созылып кетпесіне кім кепілдік береді. Ол жер маған тие ме, әлде басқаға бұйыра ма, ол жағын да дөп басып айту қиын. Егер қайта арыз жазып, қайта жер телімін алар болсам, тағы да шығынға ұшырауыма тура келеді. Олардың бар мақсаттары менен жерді қайтарып алу болып отыр. Менің мәселем жергілікті жерде шешімін таппаған соң, амал жоқ, сонау Аманкелдіден сабылып, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын “Атамекен” кәсіпкерлер палатасына жүгініп, арыз жазып кеттім. Бар айтарым, менің мәселеме тек облыс әкімі Архимед Бегежанұлы араша болып, бастағалы отырған ісіме қолдау білдірсе екен деймін. Бар үмітім тек облыс әкімінде ғана, – дейді жас кәсіпкер Айбек Таңатбаев.20190312_110015
P.S. Біз жас кәсіпкердің қолындағы жергілікті әкімдіктің жер телімін берудегі рұқсат құжаттары мен кейін заңсыз деп тапқан хаттың көшірмесін де көрдік. Әу бастан бұл мәселе жергілікті селолық әкімдіктегілердің салғырттығынан туындап отырғанға ұқсайды. Елбасы Астанада өткен жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында жас кәсіпкерлерді қолдауды, оларға арнайы бағдарлама әзірлеуді қадап тапсырған еді. Ендеше, Айбек сияқты кәсіп ашуға құлшыныс танытқан жас кәсіпкерлерді неге қолдамасқа?! Жастар жылында бір жапырақ жер телімі үшін жас кәсіпкердің жігерін жасытпайық!
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓