Ұлы Отан Соғысының ардагеріне құрмет
Ұлы Отан Соғысының 70 жылдығы қарсаңында Әулиекөл ауданының 15-өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері Ұлы Отан Соғысының ардагері Анна Тихоновна Феодорованың (Степанова) үйіне барып қайтқан еді.
Отты жылдарды басынан өткерген тоқсан жасар қария, тың. Бізді жылы жүзбен қарсы алып, төріне шығарды. Келе жатқан мерекесімен құттықтап, сыйлық тарту етіп, игі лебіз білдірдік. Әңгіме қозғап өз өмірбаянын әжей айта отырды.
1924 жылы Семиозер селосында туған Анна Тихоновна, 1941 жылы орта мектепті бітіріп, бойжетеді. Сол жылы соғыс басталып 17 жасар қыз комиссариятқа хат жазып, майданға алуын өтінеді. «Менде құрбыларымнан қалғым келмеді. Жазған өтінішім 1943 жылы 18 тамызда орындалып, майданға аттандым. Алдымен мен сияқты қыздардың басын қосып байланыс училищесінде оқытты. Оқыған біздерді 134 жеке байланыс батальоны құрамына жіберді. Бірінші Прибалтийск майданында болдым. Одан әрі Риганы (Латвия), Шығыс Пруссия, Кенигсбергті, Үшінші Беларуссия майданында Полоцк қаласын жаудан азат етуге қатыстым. 188 жеке жүйелік байланыс батальоны құрамында Жапониямен шайқастым» – деді ардагер әжей.
Ауыр күндерді басынан өткізген Анна Тихоновна Отан алдындағы өз міндетін абыроймен орындап, 1945 жылы 13 қарашасында елге аман-сау оралады. Оның жауынгерлік ерлігінің куәсі – орден медальдарға толы омырауы. Майдангер соғыстан кейін жұмысқа белсене араласып, Семиозер халық соты және Құсмұрын балалар интернатында абыройлы қызмет атқарады. Анна әжейдің жары Николай Петрович Феодоровта Ұлы Отан Соғысының ардагері болған, ол кісі дүниеден 2005 жылы озған екен. Тағдыр тоғыстырған екі майдангерден 3 бала дүниеге келіп, олардан немере, шөберелерін сүйіп отыр. Тоқсан жастағы қария 1979 жылдан бастап зейнеткер. Бүгінде балаларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Ардагер әже өзіне көрсетілген құрмет үшін өрт сөндірушілерге шексіз алғысын білдіріп, сәнденіп болғаннан кеиін бізбен бірге суретке түсті.
Дәулет Сүйіндіков
«Қостанай облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ
15-ӨСБ қарауыл бастығы өртке қарсы қызмет капитаны