73 жыл кешіккен орден
Қостанайлық ардагер Александр Николаевичтің тегінен кеткен бір ғана әріп қатесі марапатты 73 жыл күтуіне себеп болды. Марапаттың қағазында Ахрамеевтің орнына "Охрамеев" деп жазылып кеткен. Бұл оқылықты немересі түзетуге шешім қабылдайды. Оған атасы 73 жыл өткеннен кейін ғана сыйақы туралы айтып берген. Сөйтіп, ол Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне хат жолдаған. Министрлік шын мәнінде де тегінде қателіктің кеткенін растап, қарт майдангер туралы барлық мәліметтерді жинастырып, ол кейін РФ-ның президентінің мемлекеттік наградалары жөніндегі комиссия отырысында талқыланды.
Облыстық Ардагерлер кеңесінде жиналған халықтың қарасы көп болды. Александр Ахрамеевке «Қызыл жұлдыз» орденін тапсыру үшін Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі арнайы келді. Салтанатты рәсімде ардагерді құттықтауға туысқандары мен жақындарынан бөлек, ардагер достары да жиналды. Қазіргі уақытта облысымызда Ұлы Отан соғысының 53 қатысушысы бар. Олардың ең жасы 93 жаста.
–Елестету қиын, бірақ осыдан 73 жыл бұрын 1945 жылдың сәуір айында мен Кенигсбергтегі шабуылға қатысқан едім. Мен 79 келілік «Максим» пульеметімен Шығыс Пруссия, Кенигсберг шабуылында шайқасып, сол жылдың 26 сәуірінде Пилауда (Балтық) күрес жүргіздім. Бұл өте ауыр жекпе-жек болды. Дегенмен, біз барлық қиындықтарды жеңіп шықтық. «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылғандардың қатарында мен де болдым. Бірақ бізге ешқандай сыйақы берілмеді. Содан кейін менің қызметім ұзақ уақытқа созылды. Балтық қаласы үшін шайқасуға тура келді. 1959 жылға дейін Камчаткада қызмет еттім, капитан дәрежесіне дейін көтерілдім. Артынша отаныма оралып, «Тыңда» жұмыс істедім. Бірақ жылдар бойы ешқайда жазбадым, ізденбедім, – дейді қарт жауынгер, запастағы полковник Александр Ахрамеев.
Қазақстандағы РФ елшісі полковник Андрей Грищук ардагердің майдан жорығы туралы әңгімелеп, оның соғысты 1945 жылдың 13 сәуірінде Кенигсбергте аяқтағанын айтты. Ол қарт жауынгерге өшпес ерлігі үшін алғысын білдіріп, майдангердің омырауына "Қызыл жұлдыз" орденін тақты.
Сондай-ақ, Курск шайқасына қатысқан Павел Даценко, Михаил Подоляков, Семен Яковлевтер Ресей Президенті В.Путиннің алғыс хаттарына ие болды.
Әсел Қибаш