Президентті тойына шақырды

Бүгін Қостанай қаласында ерекше неке қию рәсімі өтті. Ерекше дейтініміз, неке қию салтанатына облыс әкімі Нұралы Садуақасов арнайы қатысып, жас жұбайларға Елбасының құттықтау хатын табыстады.неке 1
Президентке хат жазып, өзінің тойына шақырған күйеу жігіттің есімі – Әсет. Ол 1991 жылы туған, Тәуелсіздіктің құрдасы. Рудный индустриалдық институтын тәмамдаған. Қазіргі уақытта Магнитагорск мемлекеттік техникалық университетінде металлург мамандығы бойынша білім алуда. Ал жұбайы Анар аталған оқу орнында құрылысшы мамандығында оқып жатыр.
 Әсет мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевты үлгі тұтады. Ол еліміз Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгенін мақтана айтады. Металлург мамандығын таңдауы да бекер емес. Елбасы сияқты білімді, сыйлы азамат болуды армандайды. «Тәуекел түбі жел-қайық, өтесің де кетесің» деген бар емес пе. Әсет тәуекелге бел байлап Президентке хат жазып, үйлену тойына шақырады.  Арада бір апта уақыт өткенде облыстық әкімдіктен хабарласып, хаттың межелі жерге жеткенін айтады. Неке қию салтанатына өңір басшысы Н.Садуақасовтың  қатысатынын жеткізеді. Қуанышты хабарды естігенде жас жұбайлар мен ата-аналары таң қалған.
-Мемлекет басшысын қатты құрметтеймін. Оның еңбек жолын, ақыл-парасатын үлгі етемін. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық Елбасының еңбегі деп білемін. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында жастар шетелде білім алуда. Мәселен,  жұбайым Анар екеуіміз Ресей Федерациясында білім гранты бойынша оқып жатырмыз. Мақтанышыма айналған Н.Ә.Назарбаевты үйлену тойыма шақырамын деп іштей ойлап жүретінмін. Бұл туралы достарыма айтқанымда сенбеді. Елбасы мемлекеттік маңызы бар мәселелермен айналысады, жұмысы көп. Соған қарамастан менің хатымды ескеріп, жауап бергені үшін ризамын,-деді Әсет.2
 Әсет пен Анардың неке қию рәсімі бүгін қала орталығындағы Салтанат сарайында өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралы Садуақасов арнайы қатысып, екі жасқа Елбасының өз қолымен жазған құттықтау хатын табыстады. Жас отауға дүниенің алды болсын деген ырыммен теледидар сыйлады.1
– Үйлену тойында Елбасының құттықтау хатын алу екінің біріне бұйыра бермейді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай ерекше марапатқа ие болуларыңызбен құттықтаймын. Бақыт, шаттық тілеймін. Ата-ана, туысқандарыңызды қуанта беріңіздер. Елімізде білімді, үлгілі отбасылар көбейе берсін,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Жас жұбайлар Наурыз мейрамының қарсаңында шаңырақ көтеріп отыр. Халқымыз Ұлыстың ұлы күні үлкендерден бата алған жан олжалы болар деп сенген. Ендеше, жастардың некелері баянды, махаббаттары мәңгілік болғай.
 
Қымбат Досжанова
       Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓