Арқалықта республикалық айтыс өтті
Биылғы жылы еліміз бойынша аталып өтілетін дүбірлі мерекелерге арналып, облыстық қазақ жасөспірімдер театрында республикалық ақындар айтысы өткізілді. Оған Алматы, Астана, Қостанай қалаларынан және Таран, Жанкелдин, Аманкелді, Әулиекөл аудандарынан суырыпсалма айтыскерлер қатысты.
Айтыстың ашылуында қала әкімінің орынбасары Е. Маметеков құттықтау сөз сөйледі.
Он екі ақын, алты жұп болып айтысып, еліміздің жетістігін жырға қосты. Финалда алты ақын атқа қайта қонып, біліктіліктері мен шеберліктерін сынға салды.
Нәтижесінде бас жүлдені Арқалықтық жас берен, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Б. Сағынтаев қанжығасына байлады. І орын Алматылық ақын А. Бестенқұлов, ІІ орын Астаналық С. Әбенов, ІІІ орын Арқалықтық Б. Қаленовке бұйырды.
Барлық қатысушыларға сый – сияпат көрсетіліп, грамотпен түрлі түсті теледидар бастатқан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.