Рудный – достық шаһары
Қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөзі татулық пен бауырластықтың айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Мәселен, 60 жылдық тарихы бар Рудный – бүгінде ұлттар арасындағы береке-бірліктің, достықтың шаһарына айналды. Мұнда жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды. Кезінде түрлі себептермен кеншілер қаласына қоныстанған олар өз тілі, мәдениеті мен дәстүрін сақтап қана қоймай, ел арасында белсенді насихаттап жүр.
Фаизова Асия Габбасқызының кіндік қаны тамған жері – Башқұртстан Республикасы. Стерлитамак құрылыс училищесін тәмамдаған ол комсомолдық жолдамамен кеншілер қаласына келген.
-1960 жылдардың басында «Соколоврудстрой» тресінің құрамында өзім секілді мыңдаған қыз-жігітпен бірге қала мен комбинаттың құрылысына бел шеше кірістік. Ол кезде қазақ, орыс, украин, неміс, беларус болып, алдымен палаткаларда, кейіннен өзіміз салған үйлерде бірге тұрдық. Бірге еңбек етіп, бір нанды бөліп жедік. Ұлтқа бөлініп, алалау деген болған жоқ. Құдайға мың тәуба, бүгінгі күні де Қазақстан атты бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Бізді бауырына басып, төрінен орын берген қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз, – дейді ол.
1988 жылы Фаиза Габбасқызы қаладағы татар және башқұрт диаспораларының басын қосып, «Байрам» атты татар-башқұрт ансамблін құрады.
-Басты мақсат – келешек ұрпаққа тіліміз бен төл мәдениетімізді насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Репертуарымызда халықтық әндер мен этникалық билеріміз бар. Сабантой, каргатой сияқты ұлттық мерекелерімізді тойлап, салт-жораларымызды сахналаймыз. Бүгінде ансамблдің құрамында 30-ға тарта өнерпазымыз бар, – дейді ұжым жетекшісі.
1993 жылы құрылған «Мрия» украин халықтық хоры да ұлттар арасындағы достықты нығайтуда белсенді рөл атқарып келеді. Шығармашылық ұжым көптеген қалалық және облыстық фестивальдердің лауреаты. 2000 жылы Рудный қаласының Құрмет кітабына енгізілген. Ал оның жетекшісі Раиса Гордиенко Украинаның Қазақстандағы Елшілігі мен Украинаның Мәдениет Министрлігінің алғыс хаттарына ие.
-Менің әке-шешем Тобыл өңіріне 1954 жылы тыңды игеруге келіп, осында өз бақытын тапты. Бауырмал қазақ халқы бізді өз туысындай көріп, жан-жақты көмек көрсететін. Мектеп оқушысы болсам да, барлығы есімде қалыпты. Осындай қонақжай, кішіпейіл халықпен бір елде тұрып жатқандығыма қуаныштымын. Біздің хор репертуарындағы 200 әннің 30-ға жуығы – қазақ тілінде, – дейді Раиса Федоровна.
Бұдан бөлек, «Ардагерлер хоры», «Калина», «Жадыра», «Соседи» сияқты ұлттық өнер ұжымдары да Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті мен тамаша дәстүрін насихаттауда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбек етіп келеді. Достықты ту еткен кеншілер шаһары 60-тан астам ұлт өкілінің сүйікті Отанына айналды. Олардың барлығы туған қаласының жан-жақты өркендеуіне бір адамдай атсалысты және Тәуелсіз еліміз тұрғанда алдағы уақытта да дамыта беретіндігіне сенімдеміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ