Қаржы қысқартылатын болды
Биылғы жылдың 11 наурызында анықталған республикалық бюджеттен өңірге бұйырар қаражат көлемін бекіту мақсатында облыстық мәслихаттың түпкілікті комиссиясы күн тәртібінде тұрған екі ауқымды мәселені талқыға салды.
Бұған әріректе, яғни, 2014 жылы 12 желтоқсанда халық қалаулыларының қабылдаған шешіміне түзету мен толықтырулар енгізуіне тура келді. Соған сай облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Спанов мәлімдеме жасап, бірқатар түйткілді мәселелерді тізбелеп берді.
Өңір қазынасын тағы бір анықталуына республикалық бюджеттен берілетін 12 млрд. 641 млн. 517 мың теңге трансферт және несие көлемінің қысқаруы себеп болған.
Тек қана қаржы жобаларының игеріліп, дамуының өзіне 5,5 млрд. теңгеге жуық қаржы көлемі қысқарған. Атап айтсақ, білім, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік, спорт, тұрғын үй, ТКШ-ны жаңғырту, индустрияландыру, медицина нысандары құрылысына жұмсалатын қаржы көлемі кеміген. Бұл әрине, ғаламдық дағдарысқа тікелей қатысты екендігі ақиқат.
Бірақ, облыстық қазына бұған дейін қойылған кейбір жоспарлы істерін одан әрмен дамыта берері сөзсіз.
Ал, екінші мәселе – жетім және асыраусыз қалған балаларды қолдау бағытындағы білім басқармасы ұсынған кешенді жоспарға бөлінетін қаржы облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың қатысуымен өтетін кезектен тыс сессияда талқыланды.
Бұл туралы басқарма басшысы Әлия Төртқараева есеп беріп, бірталай күрмеуі көп күрделі жайттардан ақпарат берді. Бөлінетін қаржы көлемін де жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жетім балаларға көрсетілер көмектің артқаны байқалады. Олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жоғары оқу орындарына, арнаулы кәсіп, мамандық алуы назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.
– Әрине, бюджеттің қысқаруы осындай мәселелерге де ызғарын тигізеді. Бірақ біз «алмақтың да салмағы барын» ұмытпай, берілген қаржыны тиімді игерілуін, олардың содан нәтиже шығаруын да басты назарға ұстауымыз қажет. Яғни, талап ете отырып, қоғамдық өмірге белсене араласуын қадағалағанымыз абзал,- деп Нұралы Садуақасов өз пікірін айтты. Бұдан кейін республикалық қазынадан бұйырар қаржы неліктен қысқарғанын тілге тиек етіп, жоспарланған инвестициялық жобалардың негізгісін дамытуға ынталы болуын жеткізді.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.