Жаңа жоба мақұлданды
Облыс әкімі Нұралы Садуақасов "Кaz-ir Аgro" бірлескен қазақ-иран ЖШС-нің Бас директоры Хамидрез Забихоллах Алинагиянмен кездесті. Екі жақты кездесуге серіктестіктің Қазақстандағы өкілі Қ.Әбденов, облыс әкімінің орынбасарлары Б.Жақыпов, С.Карплюк, Жітіқара ауданының әкімі М.Өтешевтер қатысты.
Кездесу барысында тараптар өзара қарым-қатынастықты нығайтуға және өңір экономикасын дамытуға уағдаласты
Қазіргі таңда "Кaz-ir Аgro" ЖШС-і сафлор өсіріп қана қоймай, күнжара майын өңдейтін кәсіпорынды іске қосқан. Бұл өндіріс ошағы Жамбыл облысында пайдалануға берілді. Кәсіпорын күн сайын 100 мың тонна май өндіреді, ал 2017 жылға қарай оның көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сафлор майы Ресейге, Гүржістанға, Иранға, АҚШ-қа және Қытайға экспортталады.
Зауыт құрылтайшыларының ендігі мақсаты, өндіріс аясын кеңейту болып отыр. Бұған Жітіқара ауданының Волгоград ауылы таңдалған. Серіктестік сол жерде сафлор өсіріп, Жітіқарадағы индустриялдық аумағында өнім өңдейтін цех ашпақшы.
Бұл мақсатқа шамамен 300 млн.теңгедей қаржы қажет. Соның 50 млн.теңгесін серіктестік өз қалталарынан шығарады. Ал қалған 250 млн. теңгеге несие арқылы қол жеткізбек.
Жаңа кәсіпорын іске қосылғанда 40 адамға жаңа жұмыс орны ашылады және тәулігіне 7 тоннаға дейін өнім өндіретін болады.
Әлібек Ыбырай