Жаңа емхана талапқа сай ма?
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы жаңадан бой көтеріп жатқан №6 емхананың ашылу дайындығын барып көрді.
Медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Аталған емхана медициналық көмек көрсету стандартына сәйкес жабдықталған. Мекеме МРТ және КТ аппараттары сияқты жоғары сапа стандартына сай құралдармен жабдықталмақ. Бұл емханада цифрландырудың барлық элементтері енгізілген.
«Жобаға 4 млрд теңге шамасында инвестициялық қаржы құйылды. Емхана бір ауысымда 450 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл қаладағы емханалардың жұмыс жүктемесін айтарлықтай жеңілдетіп, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруы тиіс», – дейді облыс әкімі.
«Жемчужина – Стомед» медицина орталығы соңғы бес жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 8,8 млрд теңге салған. Сондай-ақ, осы кезеңде мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
Жаңа емхана пациенттерді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылдайды.
Жалпы, қазіргі таңда облыс орталығында қала тұрғындарына медициналық көмек көрсететін 4 мемлекеттік және 3 жекеменшік емхана жұмыс істейді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ