Ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті
Жақында Амангелді ауданында волейболдан өмірден ерте озған Бағдат Аманжоловты еске алуға арналған турнир болып өтті. Оған аудан орталығы және ауылдық округтерден тоғыз команда қатысып, жалпы саны жүзге тарта спортшы бақ сынады. Жарыс айналым жүйесі бойынша өткізілді. Алғашқы топ Бағдаттың өзі оқыған Амангелді орта мектебінің спорт залында ойнаса, екінші топтың спортшылары Ы.Алтынсарин атындағы мектептің ойын базасында жиналды. Тиісінше Жалдама мен Байғабыл ауылы және Ы.Алтынсарин орта мектебі құрамасы мен «Жолдастар» командалары жартылай финалға жолдама алды.
Ақтық ойында ұлт ұстазы атындағы мектептің оқушылары мен Бағдаттың достары кездесті. Тартысты өткен ойын «Жолдастардың» пайдасына аяқталды. Жалдамалық құрама Байғабылдан келген жас волейболшыларды ұтып, үшінші орынға ие болды. Айта кетерлігі, финалдық кезеңге шыққан барлық командалар сыйлықсыз қалған жоқ. Ал бірінші орынға ақшалай сыйлықпен қатар бір қой және тоңазытқыш табыс етілді. Осы турнирге Бағдаттың туыс-туғандары, ұстаздары мен достары демеушілік жасады. – Соңғы кездері Амангелді ауданы көлемінде еске алуға арналған спорттық жарыстар сиреп кеткен еді. Бағдатты еске алайық деген бастаманы достары көтерді. Олардың ұйымшылдығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді әкесі Қайрат.
Волейболшылардың арасында да өзара үздіктер анықталды. «Үздік ойыншы» болып Дастан Тұрсынов(«Жолдастар») танылса, қорғаныста шеберлік танытқаны үшін Нұрбек Мәкімжанов (Ы.Алтынсарин орта мектебі) марапатталды. Шабуылда ширақ қимылымен көзге түскен Дүйсенбай Мұса(А.Нұрманов орта мектебі) көптің қошеметіне ие болды. Волейболда тосқауыл қоя білу нағыз өнер екені рас. Жалдамалық Бердібек Қайырбек осы тұрғыда «Үздік тосқауылшы» деп танылды.
Ұйымдастырушылар осы турнирді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр екен. Амангелдідегі осындай іс-шаралардың қайта жанданғаны қуантады.
Қасқырбай Қойшыманов
Амангелді ауданы