Жастар үшін қолдау көп
Қолына диплом алған кез келген жас мамандығы бойынша тезірек жұмысқа орналасып, өмірде өз орнын алғысы келеді. Бірақ, бәрі бірдей жұмыс таба қоймайтыны тағы бар. Осындайда жастардың дені үкімет тарапынан түрлі қолдаулар, бағдарламалар бар екенін естісе де егжейтегжейлі біле бермейді. Ал бұл бастамалардың мүмкіндігі көп. Күні ертең маман атанғалы отырған жастарға бағыт өз бағдар беріп, жол сілтеп, толық ақпарат тарату мақсатында мансап және жұмысқа орналастыру орталығының ұйымдастыруымен А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің соңғы курс студенттері үшін "Старт мансап – түлек-2023" семинары өтті.
Оқу орнының акт залы түлектерге толды. Берілген ақпаратты тыңдап, түртіп алған жанға жиынның құндылығы жоғары. Семинарға оқу орнының ректоры Сейітбек Қуанышбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қостанай облысында 150 мыңнан астам жастар бар. Өңірде алты жоғары оқу орны білім береді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен жастарға бағытталған алты жоба жүзеге асып келеді. Соның арқасында бірқатар проблема шешімін табуда. Оның алғашқысы баспана мәселесі. Әкімдік "Отбасы банкпен" бірлесіп жас мамандарға арналған "Жас Шаңырақ" жобасын қолға алды. Қазіргі күні 47 үміткердің құжаттары қаралуда. Оның сыртында жастардың жұмысқа орналасуы үшін түрлі жобалар мен жұмыс берушілер жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Бұл туралы басқарма басшысы Марат Жұрқабаев жанжақты түсіндіре кетті.
– Бүгін сіздер үшін жақсы бас қосу болуда. Үкімет тарапынан ұсыныс көп. Тек, соның барлық тетіктерін дұрыс меңгеріп алғандарыңыз жақсы. Әр бағдарламаның өзіндік мүмкіндігі көп. Кәсіп ашып немесе ауылға жас маман болып бару үшін де көп дүниені біліп алған жөн, – деп ақылын қосты басқарма басшысы.
Семинар түлектерді еңбек нарығына бейімдеу мен мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат беруге бағытталған. Мәселен, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы медициналық, педагогикалық, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен түлектеріне мол мүмкіндік берері сөзсіз. Оларға 300 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар, жастардың үй салып алуына немесе сатып алуына қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатта әрбір жас маманға 4 594 500 теңге көлемінде қаржы беру көзделген. Тек бір ескеретіні, ауылға барған жас маман осы жеңілдіктерді алу үшін қалада тіркеуде болуы тиіс. Осындай қажеті ақпараттарды жастар білмей жатады.
Түлектердің Астана ХАБ "QazInnovations" ұлттық инновациялық даму агенттігінің гранттарын иелену мүмкіндігі де бар. Бұл туралы "QazInnovations" ұлттық инновациялық даму агенттігінің өңірлік менеджері Дамир Мінайдаров айтты. "Даму" Қорының Қостанай облысы бойынша бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Елена Матвеева шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар туралы баяндады.
Бұдан бөлек, "Жастар тәжірибесі", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар.
Түлектердің жұмысқа орналасуы – университет қызметін бағалаудың негізгі критерийі, сондықтан Қостанай өңірлік университеті түлектерін жұмыспен қамту үшін көптеген мақсатты шаралар ұйымдастыруда. Соңғы оқу жылында 4-курс студенттеріне семинарлар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырған. Нәтижесі жаман емес, соңғы екі жылдағы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85%-ке жеткен. Жастар бұл семинардан да толық ақпарат пен бағытбағдар алды деп сенеміз.