Түнгі жыр

Мағынасыз сапырылды тіршілік,
Біреу солып, біреулерге бүр шығып.
Отырмын мен ұқсата алмай ойымды,
От заманның түтініне тұншығып.
Күн көрмедім, көңілімді түн басты,
Өтірік, арам, азған тірлік жымдасты.
Жайлау өмір жатушы еді жайқалып,
Қарашы әне, дауыл соғып құм басты.
Түн жамылып отырмын мен көз ілмей,
Үміт алдап шатыстырып сөзім кей.
Өмір жайлы бітпес менің толғауым,
Жырым менің жыр анамның көзіндей.
Түн тыныштық тербеп сыршыл баласын,
Мен отырмын жалғап ойлар арасын.
Таң атуға таяп қалған сияқты,
Ұйықтасаңшы қызым, дейді анашым…
 
Шаттық пен бақыт
 
Шаттық пен бақыт көздеген асыл мұратым,
Қиял мен ниет осыдан олар тұратын.
Шаттықпен адам бақытқа бастар жол тапса,
Кейбірі содан арам  ойды құратын.
 
Шаттық пен бақыт кез-келген жанның іздері,
Іздері және мақсатқып соны көздері.
Біреуге бақыт байлықпен атақ астында,
Біреуге бақыт ананың жылы сөздері.
 
Шаттықтың бәрі бақытқа бастап бармайды,
Бармайды және қуаныш жолға салмайды.
Мезеттік шаттық алапат мұңға сілтесе,
Сирек бір шаттық кез-келген жанға бармайды.
 
Біреуге шаттық қарнының бір сәт тойғаны,
Біреуге бақыт 100 жасқа жетіп тойлары,
Бірақта  бұлар қарама-қарсы кей сәтте,
Бір жерден шықпай, қосылмас кейде ойлары.
 
Негізі бақыт өмірге мынау келгенің,
Шынай шаттық пақырға демеу бергенің.
Егер де адал, ибалы кісі сен болсаң,
Бақыт пен шаттық соңынан бір сәт ергенің.
 
Қос ұғым сірә, қосылар, сирек сәттерде,
Сол сирек сәтті байқайды адал, пәк кеуде!
Сондықтан досым, мұңайма егер жығылсаң,
Тіктегін басты тұңғиық батқан сәттерде! 
Гүлмира Бидоллақызы.
 Рудный қаласы.
поэзия_21
Нар-мекен
Не деп маған ыңырсисың, нар-мекен? –
Ол-дағы  бір… біздей болған зарлы екен…
Сенің барлық қасіретіңді сіңірген,
Бізден шерлі, бізден желді бар ма екен?
Іңген-далам,
Мая-далам,
Нар-далам,
Тағы қандай өкпе арызың бар маған?
Бозторғайдан бағам төмен, мен байғұс,
Сенің тамшы көз жасыңды талмаған.
Боздай бермей, тоқтай тұршы, бота-дөң,
Көшкен жұрттың өшпей жатыр оты әрең…
Көзім жұмсам… бұлт шудалы керуен,
Босып кетіп баратады жотамен.
Көктем уыз ақтарғанда күбіден,
Көз, құлақты ала алмаймын күнімен,
Ыңыранған айыр қанат ізінен,
Зыңыранған зымыранның үнінен.
Шығарғанда тылсым шыған, жапан үн,
Жүрегімде боздайтыны-ай ботаның…
Оралар ма… бізді жұртқа қалдырып,
Аспан жаққа көшіп кеткен Отаным?
Бұйда-мұңды жұлқыласа нар-мекен,
Көкірегімнен естілетін ән бөтен.
Түн баласы жұлдыз ағып тынбайды,
Жүрегімді жырып кеткен қан ба екен?
Нар-мекеннің көшіп кеткен қазығы,
Қайта оралып төріне әлі озады:
"Темірқазық" тапжылмай тұр, өйткені,
Құс жолының бұрқырайды тозаңы…
Светқали Нұржан.

 

You may also like...

1 Response

  1. Дана айтты:

           Міне, жыр деген осындай: терең ойлы болуы керек. Кім болсаң да жарайсың! Шыңдалып шырқай түс. Мұң болуы керек. Бірақ арасында жалт-жұлт етіп сыңғырлаған жұлдыздар да, шуақты күн нұры да тіпті ұлылықты ұғындыратын, Тәңірдің зұлымдарды қудалағандағы күн күркірі, дәлдеп атқан кездегі суретке түсіргендегідей жарқ еткен жарығы да қаж-жжет әр-ринеее. Жақсы жыр жан марқайтады. Сирек те болса ұшырасып жатады, оған да шүкір.Әлі көп еңбектену керек Жыр – қастерлі ұғым, балалар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓