Елінің МАҚТАНЫШЫ байырғы атақты дихан-механизатор, еңбек ардагері Досымхан Махатовтың 75 жасқа толуын аудан жұртшылығы лайықты атап өтті
Таяуда Аманкелді ауданының жұртшылығы кезінде ауылшаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан еңбек ардагері Досымхан Ыбырайұлы 75 жасқа толған мерейтойын кеңінен атап өтті. Салтанатты рәсімге Досекең тұрып жатқан Қарасу ауылының халқы және аудан жұртшылық өкілдері қатысты. Байырғы диханның мерейтойын өткізуге аудан басшылығы мен ауылдық округ әкімдігі тиісті іс-шаралар жасады. Нәтижесінде Қарасу ауылындағы мәдениет үйінде Досымхан Ыбырайұлының 75 жасқа толу мерейтойы "ЕЛІМНІҢ МАҚТАНЫШЫ – ЕҢБЕК АДАМЫ" атты әдеби-музыкалық қойылыммен салтанатты түрде аталып өтті.
Рәсімді ауылдық округ әкімі Бақытжан Аманжолұлы ашып, алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Талғат Тойшыбекұлына берді.
Талғат Тойшыбекұлы Досымхан Ыбырайұлының кезінде ауданымызды өркендетуге елеулі үлес қосқанын, Қарасу ауылындағы Абай колхозында, кейін "Коммунизм жолы" сов-хозында механизатор болып жемісті еңбек етіп, зор табыстарға жеткенін, оның бүкіл болмысы кейінгі жас ұрпаққа үлгі екенін айта келіп, 75 жасқа толуымен құттықтады. Досекеңе Қостанай облысының әкімі Нұралы Мұстафаұлының Грамотасын табыс етті.
Келесі кезекте ауыл әкімі Бақытжан Аманжолұлы Дос-ағаңа аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлының Құттықтауын және сый-сияпатын тапсырды.
Мұнан соң, Досекеңмен ұзақ жылдар бойы бірге еңбек еткен тыл және еңбек ардагері Таутан Ғалымұлы, көрнекті композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Айтбай Мұздаханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Уахитұлы, еңбек ардагері, ардақты ана Қалимаш Ермағанбетқызы, Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Үмітжан Мұқышқызы секілді ардагер ақсақалдар мен аналар Досымхан Ыбырайұлын торқалы тойымен құттықтап, оның өнегелі өмір жолы туралы жиынға қатысқан барша қауымға ғибратты әңгімелер айтты. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Салтанатты рәсімде Досымхан Ыбырайұлы туралы ақ тілегін білдірген ақсақалдар мен ардақты аналар аз болған жоқ. Бірақ, сайып келгенде бәрінің де сөзі бір арнада тоғысты. Бәрі де Досекеңнің адамгершілігі мен азаматтығы туралы ағынан жарыла айтты.
Мерейтойдың салтанатты сәтінен кейін ауылдағы Жасбуын орта мектебінің өнерпаз оқушылары еңбек ардагерінің 75 жасқа толған торқалы тойына орай арнайы концерт берді. Балалардың кіршіксіз жүрегінен шыққан әндер қалың көпшілікті шаттыққа бөледі. Әсіресе, Жанар Едресова, Сәкен Шаттық секілді өнерлі балалардың әуелете салған әндері көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Осылайша, Қарасу ауылының халқы мен аудан жұртшылық өкілдері қарапайым еңбек адамы Досымхан Махатовтың мерейлі мерейтойын есте қаларлықтай тағлымды да ғибратты етіп атап өтті.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суретте: еңбек ардагері, зейнеткер Досымхан ақсақалды аудан әкімінің орынбасары Талғат Тойшыбекұлының құттықтап, оған облыс әкімі Н.М.Садуақасовтың Грамотасын тапсырып тұрған сәті.
Суретті түсірген автор.