жадымдағы жаңғырық
естіген – білгеннен
Қазақтың белгілі ақыны, шығыс жауһары "Шахнамені" қазақша сөйлеткен, сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы соңында көп мұра қалдырған адам. Заманында ақындығы, шешендігі, әзіл-қалжыңға шеберлігі жөнінде көптеген аңыз-әңгімеге арқау болған жан. Ғұлама шайыр туралы бір кітаптан оқығаным бар еді. Тұрекең жас кезінде Бұқарда белгілі дін оқуында жүрген кезінде кеңес тәжік әдебиетінің негізін салушы, одақ кезінде ұлт әдебиеті ақсақалдарының бірі болған Садриддин Айнимен бірге оқыған екен. Тұрекең тәжік ақынынан ежептәуір кіші, бірақ өзінің біліктілігімен, сұңғыла қалпымен, өзін тең ұстаған екен. Бірде екеуі Бұқардың көшесінде келе жатса, алдарынан үстіне жүк артқан түйені бақыртып бір өзбек пе, тәжік пе біреуі кетіп бара жатады. Басқа жұрттың өкілдері қазақты түйе түлігіне жақындығын, оны бағып, шаруаға пайдаланатындығын әжуа қылатыны да бар ғой. Садриддин Тұрекеңе қарап:
– Тұрмағамбет, ана түйе не деп бара жатыр? – дейді ғой әзілдеп. Сонда Тұрекең айтқан екен:
– Е-е, не десін. Үстіме аямай-ақ жүгіңді арттың,тайрақтатып көшемен тіке тарттың. Өлсем қазағыммен өлейінші, атасына лағнет сендей сарттың, – деп бара жатыр.– деп. Орысты "қацап", украинды "хохол", қазақты "қырғыз" дейтіні сияқты өзбек-тәжікті қазақ кемсіте "Сарт" деп айтатыны белгілі. Айни ақсақал осыны өзі көпке таратса керек.
* * *
Жерлесіміз Сырағаң – Сырбай Мәуленов ағамыз жеке өзі де, отбасы мүшелерімен де, белгілі мерекелерге арнайы делегациялармен де бірнеше мәрте елге келді ғой. Алматыда да үйінде болып, Күнжамал жеңгеміздің қолынан дәм таттық. Бірде Сырекең айтады: Жанымда жас ақын Кеңшілік інім бар, оның қайын жұрты тұратын Нарынқолға бардық. Алматыдан келгенбіз, ақындармыз ғой, өзімізше қопақардай боп, ешкімді менсінбейтіндей күйде отырмыз. Сонан бір мезгілде үй иесі бір сөздің ретінде қоңыр даусымен:
– Бозінген боздайды екен ботам-ау деп,
Жүк артса қыр арқама батады-ау деп,
Бойжеткен жылайды екен кетерінде,
Біреудің от жағына жатам-ау деп .
Бұл сыр бойының белгілі сүлейлерінің бірі – қыпшақ Бұдабай ақынның сөзі екенін білетінмін. Мұны білген мына ақсақал тегін болмады, біз де жерге түсейік деп "тәкаппарлықты" қоюымызға тура келді. Сөз қадірін білгенді қалай қа-дірлемессің – деген, ақиық ақын.
* * *
Алпысыншы жылдардың ортасы. Мен онда "Албарбөгет" кеңшарында партком хатшысымын. Бірде үйге жанында Мәлікзада ағамыз бар, сол кезде жұмыс бабында облысқа, одан әрі Алматыға қызметке ауысқан Сапабек аға Әсіпов келді. Сәкең:
– Жас болсаң да әңгіме-дүкенге құлағың түрік еді, мен Нұрқан ағамыздың ақындығына байланысты ғылыми еңбек жазу үстіндемін, естігенің, білгенің болса айтсаң, – деді. Мен айттым:
– Аға, менің білетін жәйттерім баспасөз бетіне жарамайтын шығар, ағамыз өмірінен бірер күлкілі жайларды білуші едім.
Сәкең де, ақын баласы Мәкең де:
– Ой, айта бер, қажеті болса, пайдаланармын, – деді. Сонан мен ақын аға өмірінен естіген мына жәйттерді айттым.
Нұрекеңнің ақындық аты шыға бастаған кез. Қарабидайықта (қазіргі "Еңбек" кеңшарының аумағында) Нұрекең ауылдық кеңес басшысы ма, әлде хатшысы ма, әйтеуір қызмет істеп жүрген кезі болса керек. Сол ауылда Нұрекеңмен құрбы Қараман Иманбек деген жігіт соз ауруына ұшырап, сол дертін қазақы әдіспен – сауысқанды жаурынан жарып, ауырған мүшесін соған бөлеп қойып, "тәңірге жазып" жатқан кезі болса керек. Замандасының көңілін сұрайын деп, үйіне кіре бергенде ақын жанында қолпаштап жүрген қатарлары "осыған бір өлең шығармайсың ба?" – деп тапсырма берген ғой. Нұрекеңде тоқтау бар ма, табалдырықтан аттай бере қоя берсе керек:
– Көрмедім Иманбектей
ауысқанды,
Ем іздеп жердің жүзін
тауысқанды,
Құсқа да ұшып жүрген
ғашық болып,
Сүйіпті ала қанат
сауысқанды.
Орекен Алмат,
Арқалық қаласының тұрғыны.