ҚОСТАНАЙ – ТРОИЦК: РУХАНИ КӨПІР

Ресей мен Қазақстанның 130 жоғары оқу орны Челябіде бас қосты
 
Мемлекеттің дамуы білім мен ғылымға тікелей байланысты. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Кемеңгер жыраулар жыр-дастандары арқылы тың­даушы көпті білмекке, ілім үйренуге шақырған. Абай Құнанбайұлы бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткендей, «Дүниенің кілті – білімде». Көбіне қара күшке сеніп келген керенау саланың бірі – экономиканың өзі ғылымның өндіргіш қабілетіне баса ден қойды. Қаражаттың көбін оқу орындарындағы зерделеу-зерттеу жұмыстарына бөле бастады. Қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің барлығы осы саясатты ұстанып отыр. Бұл бағыт қоңсы қонған қос ел – Ресей мен Қазақстан үшін де бөтен емес.
Жуырда ғана Челябіде аяқталған аймақаралық ынтымақтастық форумының негізгі тақырыбы адам капиталының дамуы болды. Айтулы мәжілісте күн тәртібінің түйінді тармақтарының бірі – білім-ғылым саласындағы басты тетіктер қаралды.Троицк 1
 
Бағыты айқын басқосу    
 
Салиқалы жиында Қазақстан мен Ресейдің жоғарғы оқу орындары жаңа білім ғасырындағы іс-қимыл жобасымен танысып, болашаққа қатысты бағдарды айқындады. Бұлай деуіміздің өзіндік дәлелі бар.
ҚР мен РФ мемлекет басшылары, білім министрлері қатысқан жоғарғы оқу орындары ректорларының отырысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен Ельцин атындағы Орал федералдық университетінің ректоры Виктор Кокшаров халықаралық ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы декларацияға қол қойды. Құжат «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» деп аталады. Тиісінше, аталған университеттер осы консорциумды басқаратын болады. Консорциум қызметі сапалы адами капиталды қалыптастыру мақсатында екі елдің қоғами әлеуетін біріктіруге бағытталмақ.10d92bdd41ed458fe5cbe1b786dd8bf9
Жоғары адамгершілік-этикалық және азаматтық құндылықтарды ұстанатын  жаңа ұрпақ, білікті мамандар тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде қазіргі заманғы дамудың бағыт-бағдарын анықтауға қабілетті. Қолжетімді технологияларды, жасыл экономика мен  сан саладағы ғалымдардың еңбектерін қамтитын оқу бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер Қазақстан мен Ресей университеттерінің түлектеріне тұрақты дамудың тұщымды тұжырымдамасын ұсынуға мүмкіндік береді. Осы орайда консорциумның мақсаттары мен міндеттері, жоспарланған іс-әрекеттері оның Декларациясында көрініс тапқанын атап өтуге тиіспіз.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің алқалы жиынға қатысуы осы тақырыпқа халықаралық жұртшылықтың, соның ішінде шетелдік бақылаушылардың назарын аударды. Қысқаша қорытсақ, гуманизмнің жаһандық мұраттарына, өзара сыйластыққа, мәдени, табиғи мұраны сақтауға және жеке жауапкершілікті күшейту мәселесін күн тәртібіне көтерді.
 
 «Айқап»: ғасырдан кейінгі кездесу
 
Аймақаралық ынтымақтастығы форум қарсаңында Қазақстан делегациясы Троицк қаласында болды. Троицк қаласының басшысы Александр Виноградовтың қабылдауында болған жоғары оқу орындары басшылары екі елдің жемісті ынтымақтастығы идеясына қолдау білдіріп, өркениеттік дамудағы Қазақстан жетістіктерін атап өтті. Ресей мен Қазақстанның 130 жоғары оқу орны тұңғыш рет қатысып отырған Челябі форумы білім саласындағы көкейтесті сауалдарды шешудегі міндеттерге, соның ішінде академиялық ұтқырлық пен рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталды.Газета
«Мағынай базары» атты жәрмеңкенің, әйгілі Зейнолла ишан медресесінің мекені, тоқсан тарау жол торабындағы Троицк қаласы қазақстандықтарды құшақ жая қарсы алды. Тобыл-Торғай өңірімен шектесіп жатқан қалаға Құсайын Уәлиев басқаратын Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ ұжымының болғанын атап өту керек. Құрметті меймандарды шекара бекетінде Троицк қаласы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Елена Василяускене, Троицк мешітінің имамы, мұхтасиб Аязбек хазірет және өңірдегі ағайын-туыс күтіп алды.
Көне Жібек жолының тарамдары тоғысқан өңірде 1911-1915 жылдары қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» басылған болатын. Қазақ елі үшін де, Троицк қаласы үшін де айтулы дата – ұлы ағартушы, редактор Мұхамеджан Сералиннің туғанына 145 жыл толу мерейтойы форум мақсатымен үндестік тауып жатты. «Энергия» баспаханасынан қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы ХХ ғасырдың басындағы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде, елеулі рөл атқарды. Бастауында М. Сералин тұрған, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қайтадан өмірге әкелген қазақ халқының тұңғыш журналы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдері арасындағы рухани көпірге айналғалы қашан… Ал сол кездің өзінде М. Сералин редактор ретінде «Қазақ халқы отырықшы болу керек пе, әлде көшіп-қонып жүргені орынды ма?» – деген сұраққа жауап іздеу барысында журнал бетінде пікірталастар ұйымдастырып отырған.
            Жерлесіміз, Қостанай облысы Қарабалық ауданының тумасы, профессор Виктор Литовченко басқаратын Оңтүстік Орал аграрлық университетінің Ветеринарлық медицина институтын аралау кезінде меймандарға Ресейдегі ең ірі анатомиялық экспонаттар жиыны көрсетілді. Бұл көрнекі құралдар Қазақстан мен Орталық Азиядан келген, «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді оқыту барысында қолданылады. Тарихи іргетасы ертеде қаланған аймақта білім беру саласына зор маңыз беріледі. Айтпақшы, мұнда жыл сайын шет елдерден келген ғылым қайраткерлері бас қосатын Зейнолла хазірет Расулев оқулары өткізіліп тұрады. Сапар барысында қазақстандық оқу орындарының делегациялары бұл басқосуға ресми түрде шақырылды.
    
       Мұражай тарихтан сыр шертеді…
 
Еларалық сапар барысында Троицк қаласы өлкетану мұражайына бас сұқтық. Директоры Светлана Нұрмұхаметованың баяндауынша, мұражайдың іргесі 1925 жыл     13-тамызда қаланған. Қаланың әсем ғимараттарының бірі бұрынғы Сібір банкінің орнынан бой тепкен. Мәдениет ошағында өңірді мекендеген орыс, татар, қазақ, башқұрт халықтарының тұрмыс-тіргшілігіне қатысты экспонаттар, тарихи құжаттар қойылған. Светлана Рамазанқызы бізді Троицк мешітінің жаңадан келген жас имамы, әл-Азхар университетінің түлегі, тегі орынборлық мұхтасиб Аязбек хазіретпен таныстырды. Өз кезегінде Аязбек хазірет бастамасымен делегация мүшелері Зейнолла ишан қабірінде ғұламаға құран бағыштап, көне мешітті, қазір жөнделіп жатқан бұрынғы шәкірттер тұрағын, медресені көрді.  Троицк 2
Көңілге түйген жәйттің бірін айта кетейік, троицкілік ағайындар өлке тарихына аса мән берген екен. Қаланың құқық қоғау басшыларының бірі, подполковник Талғат Әбдікеев бізге Троицк тарихына қатысты бірқатар деректерді көрсетті. Бір қызығы, кей құжаттардың авторы Торғай жұртшылығына жақсы таныс Амандық Әмірхамзин болып шықты. Оның әкесі Қорған ақсақалды білмейтін торғайлық жоқ шығар. Көненің көзі, шежіренің білгірі болған ақсақал туралы баспасөз беттерінде талай жазылды. Бұл ретте сол «Мұнанай (Троицк) қаласының тарихы» атты мақаладан үзінділер келтіре кетейік.
«…Мұнанай – түркі жұртының білім, дін ошағы. 1866 жылы қалада 537 қазақ тұрыпты, алғашқы қазақ училищесі де осында ашылған болатын. Мысалы, Ескендір Бабажанов деген қандасымыз 1835-1838 жылдары қаладағы екінші мешіттің салынуына мұрындық болады. Дәл осы Мұнанайда 1861 жылы қазақ балаларына арналған мектеп ашылған болатын (Ыбырай Алтынсарин бастамашылығымен ашылған мектептердің бірі). Сондай-ақ 1850 жылы атақты Расулия медресесі де іргесін қалаған еді. Сондықтан жалпы түркі халықтарының тарихында, оның ішінде, әрине, қазақ мәдениеті, білімі мен дін, сауда ісі жолында Мұнанайдың алатын орны айрықша».  
 
 
Торғай һәм Троицк: дерек пен дәйек
 
Бірінші дерек. Бұрынғы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде 1994 жылы ақпанда «Дәмолда Қанафия. Ол кім?» деген мақала жарияланады. Торғай елінің белгілі ақсақалдары, бүгінде бақилық болған Жүсіпбек Салықұлы, Әбдуәли Досанұлы, Жәлел Қарабалин, Дәурен Сәуекенұлы, Әмірбек Қапақұлы былай деп жазады: «Қанафия Меккеде біраз жыл болып, халқы үшін қызмет етіп, перзенттік борышын өтеу үшін ұстаздарының рұқсатымен елге келген. Бұл жайды Троицкідегі Зейнолла хазірет сол күнгі жұма намазы өтіп жатқанда біліп: «Торғайға Мәккәдан бір әулие келді, ол бізге де келеді. Соны жақсылап құрметтеп қарсы алып, ренжітпей жөнелтуге әзірленейік» деп, қаланың діни зиялы қауымына хабарлаған. Сөйтіп, дәмолла Қанафия Троицкіге барған күні бүкіл қала халқы, Зейнолла хазірет бас болып, қошаметпен қарсы алады. Мешіттегі намазға тұруға халық көп болып сыймайды…».ch010
 Екінші дерек. «Арыс» баспасынан 2013 жылы жарық көрген «Торғай елі» энциклопедиясынан алынды: «Әлмұхаммед Оспанұлы (1886-1966) – діни қайраткер, ақын, шежіреші. Ә.Оспанұлы  1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының 4-ші ауылында дүниеге келеді. Ауылда мұсылманша сауат ашқан ол 1899 жылы Торғай қаласындагы қолөнер училищесіне түсіп, 1903 жылы үздік бітіреді, сол жылы осындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-ші сыныбына қабылданады, оны 1905 жылы бітіріп шығады да осы мектепке мұғалім болып қызметке калдырылады. 1911 жылы Тройцк қаласындагы Зейнолла хазіреттің «Расулия» медресесінс түсіп, 1916 жылы бітіреді. Уфадағы «Ғалия» медресесінен де дәріс алады… Ақын Ә.Оспанұлы артына мол мұра қалдырған. Алғашқы өлеңдері «Айқап» журналында жарияланған. 1911 жылғы басылған «Қазағыма» деген өлеңінде «Кел, қазақ, надандықтан қоштасалық, Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман».
     Үшінші дерек. «Файзолла Сатыбалдыұлы (1883-1959) – діни қайраткер, ақын, қари. Ф.Сатыбалдұлы 1883 жылы 27 қыркүйекте Торғай уезіне қарасты Батпаққара мекенінде дүниеге келеді. Әкесі-белгілі діни оқымысты Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы. Діни білімді 1900 жылға дейін Троицкідегі Ахон хазіреттен, Бұхара шәріптен алады…» («Торғай елі» энциклопедиясы)
Тобықтай түйін
Сонымен, Алаш идеясы алғаш көтерілген киелі жерлердің бірі – Троицк қаласына көптен күткен сапар әзірге аяқталды. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын жеп, оның жарқын болашағы үшін күресті. Енді, олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан бүгінгі ұрпаққа аманат, ерен істері өнегелі өсиет болып қала бермек.
 
Жетпісбай Бекболатұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі,
Қасқырбай Қойшыманов,
«Қостанай таңы» газетінің арнайы тілшісі
Алматы-Қостанай-Троицк-Алматы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓