Моншаның пайдасы
Моншаның буы бұлшық еттің босаңсуына көмектесіп, ағзаның жұмыс істеуге деген қабілетін арттырады. Алғашқыда буланатын бөлмеге кіргенде қатты ыстық тынысты тарылтып жібереді. Бірнеше минуттан кейін ағза оған үйреніп кетеді. Булану кезінде тамырлар кеңейіп, қан айналысы күшейеді, жүректің соғу жиілігі артады. Ағыл-тегіл тер шығып, оттегін тұтынып, көмірқышқыл газын шығару процесі ұлғаяды. Моншаға үзбей барудың нәтижесінде ағза шынығып, ауруға қарсы тұруы арта түседі.
Монша процедураларының әсерінен жүрек пен өкпе қызметі жақсарады. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, монша осы органдарға жаттықтырушы ықпал етеді екен. Тері мен май бездерінің қызметін жандандырып, зат алмасу кезіндегі зиянды өнімдерді ағзадан шығаруға және терінің өте жақсы тазаруына септігін тигізеді.
Артық тамақ ішу асқазанға зиянды екені белгілі. Сол сияқты «монша пайдалы екен» деп, оған күн сайын бара беруге болмайды. Аптасына 1-2 рет моншаға түсу жеткілікті. Егде адамдар сақ болғаны жөн. Олардың бу моншасында 10 минуттан артық отырмағандары дұрыс.
Буланатын бөлмеге кірерде басыңызды суламаңыз. Құрғақ шаш оны қатты қызудан қорғайды. Ыстықтан шыққаннан кейін үстіңізге суық су құю – денені шынықтыра түседі. Моншаға түсерде асқазанды толтырып алып немесе ашқарынмен баруға болмайды. Моншадан соң терінің үстіңгі қабатының ескірген, жаны кеткен клеткалары оңай түседі, тері нәзіктеніп, жұмсарады.