ҚЫЗЫЛЖАРДАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ
Петропавл қаласында ҚР Құрметті спорт қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, КСРО-ның спорт шебері Жамбыл Тасеменовтың жүлдесіне арналған грек рим күресі өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстан мен Ресейден 20 команда қатысты. Ашылу салтанатында СҚО спорт және мәдениет басқармасының басшысы Руслан Есеналин сөз сөйледі. Осымен оныншы мәрте өткізіліп отырған күрес додасында биыл 220 спортшы бағын сынады.
Қостанай және Лисаков қалаларының жас балуандары облысымыздың намысын қорғады. 32 келіде күрескен қостанайлық Асан Тобылбек алтыннан алқа тақты. Ол барлық белдесулерін мерзімінен бұрын аяқтады. Ақтық бәсекеде Ресейлік балуанды айқын басымдықпен ұтқан Асанға Жамбыл Тасеменов алғысын айтып, ақ батасын берді. 38 келі салмақта тағы бір жерлесіміз Мірзақ Ескендіров қола медальды қанжығасына байлады. Сондай-ақ 42 келінің фавориті есебінде барған қостанайлық Қазыбек Ескендір үздік үштікті қорытындылады. Лисаков қаласының балуаны Әсет Жалғасов 58 келіде күресті. Финалға дейін сүрінбей жеткен Әсетті Степногор қаласының грек рим шебері Төлеуханов тоқтатты. Сөйтіп Әсет Қостанай облысы құрамасының қоржынын күміс алқамен толықтырды.
Екі күнге созылған күрес бәсекесіндегі үздіктер Алматы қаласында өткізілетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.
Қасқырбай Қойшыманов