Темірден түйін түйген

Ауданда алғашқы кезде бизнес-жобалардың барлығы ірі қара мен ұсақ мал өсіруге негізделген болса, бүгінде ауыл кәсіпкерлерінің де нарық заңдылықтарын игере бастағаны байқалады. Олар ауыл шаруашылығында қат-қат болмаса да, өтімді дүние өндіруге көшті.
Мәселен, Затобол кентінде Абылайхан Жүнісов темір өңдеу өндірісін қолға алды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген 3 млн. қаржының 2 млн. теңгесіне Челябіден темірді өңдейтін құрал сатып алып, тапсырыс бойынша темір ілгіш, кереует, сейф, түрлі металл өнімдерін шығарып жатыр. Бүгінде шеберхана ашқан оның цехында 5 адам еңбек етуде. Серіктестік жетекшісі Абылайхан Жүнісов жұмыскерлердің жалақылары өнімнен түсетін табыс көлеміне байланысты дейді. Кәсіпкер алдағы шаруасын кеңейтуді де жоспарлап отыр. Өйткені, металл өнімдерін жасайтын фирмалар облысымызда аз. Ал мұнда өндірілген темірден жасалған өнімдер бағасы да қолжетімді болады. Сәтін салса Жүнісовтің өнімі өтімді дүниеге айналғалы тұр.
– Жалпы бағдарлама жақсы. Ең бірінші жеке шаруаңды ашар кезде, заман сұранысына сай, бәсекелесі аз кәсіпті қолға алған жөн, – дейді кәсіпкер.