Дипломды да сатып алсақ, жетіскен екенбіз…
немесе жоғары оқу орнындағы жемқорлықты қайтсек тізгіндейміз? Бұл туралы кім не дейді?
Профессор пайымы
Ұстаз ұстамды болса…
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ Медиа-орталығы директоры, профессор
Жоғары оқу орындарының басшылары және оқытушылары жағдайды жете білмейді, немесе жеке бас пайдасы үшін жемқорлық деректеріне әдейі көз жұма қарайды деген әңгіме соңғы кезде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жиі көтеріліп жүр. Жақында жоғары оқу орындарының жетекшілерін Астанаға жинаған Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мырза осы туралы қадап айтқан болатын. Оқуға қабылдау кезінде, сессия кездерінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер тіптен ушығып кетеді екен. Мәртебелі қызметкер жоғарғы оқу орындарын аттестациялау мен ғылыми атақтарды беру кезінде таныс-біліс іздеп, жең ұшынан жалғасу деректері жиі кездесетінін жасырмады. Жоғары оқу ордасындағы жемқорлықтың жайылғаны сонша, қазір студенттің бір сессияда сынақ тапсыруы үшін шамамен елу мың теңге керек екен.
Коррупцияға қарсы ұсыныс туралы сөз болғанда тоқылдақ деген сөз еске түседі. Шынында да, тоқылдақ-стукач деген жақсы сөз емес. Ал біреудің үстінен өсек-аяң айту имандылыққа жатпайды. Алайда, болғанды болды деу, көргенді көрдім деу кез келген адал адамның тәрбиелілігін, өнегелі ісін көрсетпей ме? Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу үшін барлық деректерді жиып-теру жалғыз басшылардың қолынан келмейді, тіпті түрлі мекемелерде орнатылған бейнекамералардың өзі бұл жағдайды толық бақылай алмайды. Менің ойымша, "Таза сессия" шараларын өткізу өте тиімді. Оқу орнында арнайы жәшіктер қойып, оған шағым жинаудың да зияны жоқ секілді. Бармақ басты, көз қыстының тамырына сонда ғана балта шабылады.
Студенттер мен кезінде студент болғандар да, қызметке орналасқандар да, тұрғын үй құрылысы және басқа да мақсаттар үшін жер телімін алғандар, көлік жүргізушілер, қылмыстық жазадан қашқандар, азаматтық істерді заңсыз өз пайдаларына шешкендер, мемлекеттік сатып алу, тендерлерде ұтып шыққандар, сапасыз құрылыс жүргізіп, оны мемлекеттік қабылдаудан өткізіп жібергендер және т.б., іс-әрекеті заңсыз екенінің екінің бірі біледі. Кез-келген мемлекеттік мекемеге барсаң қол қою бар, мөр басу секілді кішігірім шаралардың өзі ақшасыз бітпейді. Қазіргі қылмыстық заң бойынша пара алушылар да, пара берушілер де сыбайлас жемқорлар тізіміне енетінін жергілікті тұрғындардың біразы біле де бермейді. Осыған орай арнайы түсінік жұмыстарын өрістету қажет секілді. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігінің келесі оқу жылынан бастап барлық оқу орындарында диантология деген сабақ арқылы әрбір маманның коррупцияға қарсылығы және өзінің этикалық көзқарастарының қандай болуы керек екендігі туралы арнайы сабақтар өткіземіз деген ұсынысын толық қолдаймыз.
Болжам
Жемқорлыққа кімдер шатылады?
Заңгер ойы
Дәрігер-хирургтің құжаты да жалған екен…
Нұркен ТОҚАЕВ, заңгер
Көптеген жоғары оқу орындарында сыбайлас жем-қорлықтың белең алғаны кімге болса да белгілі. Біреудің баласы, енді біреуінің туысы дегендей студент болғандықтан, әрбір сессия уақытында бәленбай теңгеден ақша жинап беретінін естіп те, көріп те жүрміз. Кейбір ұстаздар сабағына үлгере алмай жүрген студенттерге "жақсылық" жасайды.
Тіпті кейбір қалталы азаматтардың ұл-қыздары (барлығы бірдей емес, әрине) күнделікті сабағына да қатыспай, диплом алуға бір-ақ келетін көрінеді дегенді де құлағымыз шалады. Осы сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай жатқанда тағы бір оқиғаның куәсі болдық. Жақында жоғары оқу орындарындағы кейбір оқытушылардың жалған диплом жасап, сатумен айналысқан қылмыстық топпен байланысы анықталған. Олар бес жыл бойы әр сала бойынша диплом жасап, сатып келген. Ең сорақысы сол, жалған құжат дәрігер-хирург мамандығы бойынша да жасалыпты. Есеп-қисап былай тұрсын, адам жанын сақтап қалатын абзал жанды қалай сатып алуға болады? Осыдан кейін дәрігердің алдына қалай барасыз? Жаны қиналғанда өмірін арашалап қалатын дәрігерлердің дипломы осы уақытқа дейін қолдан жасалып келген. Демек, бір сауықтыру орнында білімсіз дәрігер адам "емдеп" жүрген болды ғой. Бұл іс тексерілгенімен осы келеңсіз жағдайға қатысқан ұстаздар қауымы жауапкершіліктен құтылып кеткен. Айналып келгенде, осы жалған дипломдарды жасап жүрген баспахана ғана кінәлі болып шыққан.
Бес жыл бойы қиналып ақша төлеп, басын қатырып оқып жатпай, дипломды біраз ақшаға оп-оңай сатып алуға болады екен. Ертең сол жалған құжатымен дөкей "көкесінің", мықты "ағасының" қол астына жұмысқа кіре салады. Болмаса ешбір қатесіз жасалған жалған құжатты ешкім байқай да қоймайды. Тек ол адам өзінің білімсіздігімен ғана көзге түсуі мүмкін. Онда да көп жерлерде "жас маман", "тәжірибесіз" деген сылтаулармен кешіріп жатады. Әрине, өз қызметкерлерінің біліктілігін бағалаған басшы жоғарғы оқу орнына сұрау қағазын жіберу арқылы оның анық-қанығын тексере алады. Айналып келгенде, барлығымыз да қырағы болуымыз керек.
Студент сөзі
Бармақ тістеп қалмайық
Ақбаян САҒЫНҒАЛИҚЫЗЫ,
ҚМУ ГӘФ журналистика мамандығының 2 курс студенті
ХХ ғасырдың ауру дерті – ЖҚТС болса, 21 ғасырдың қалта құрты – сыбайлас жемқорлық. Тамырын кеңге жайған жемқорлық, қазақ елінің өркендеп дамуына, қанатымыздың кеңге жайылуына, болашақ жастарымыздың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп отырғаны рас.
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – заңда қарастырылмаған жеке функцияларды пайдалана отырып, өз лауазымдық дәрежелерін асыра пайдалану. Мысалға, ауылды жердегі мұғалім баласын алайық. Оқушы мектеп жасында оқып жүр, ол оқушының білімі айтарлық қатарластарынан әлдеқайда төменірек болса да мұғалімнің баласы болғандықтан жоғары сатыдан көрінетін болады. Жарайды, 11 жыл оқыды, тоқыды әлгі оқушы, енді мектеп жасынан қанат қағып жұмбақ өмірдің есігін ашпақшы. Ол үшін бәрімізге мәлім ҰБТ-дан (ұлттық бірыңғай тестілеу) жоғары баллды иеленуі қажет. Тағы сол мұғалімнің баласы деп барлық мектеп мұғалімдері бөле жара сол баланы күні-түні дайындайды. Он бір жыл анасының қанатының астында, үп деген желге қарсы тұра алмаған оқушы бұл сынақтан сүрінері белгілі. Соған қарамастан ата-анасы репетитор жалдаса да баласы үшін жанын бере жақсы балға қолын жеткізуге тырысады, баласына қалаған балды алып та береді. Одан соң жақсы балды иеленген оқушы арманын кеңге салып жоғары оқу орнын таңдайды, оған балы жетпесе тағы ата-анасы тамыр-таныс арқылы ақшалай, басқалай баласының басын сол жерге сұққанша барын салады. Оған да қолы жетті, енді өз еркімен жүретін кез студенттік нағыз қызық шақ басталады. Ауылдан келген қарапайым қазақ баласы қаланың өмірін қызықтап, түнгі клубты төңіректейді, тек сессия кезінде есін жинайды, уақыты бос күлкімен кеткен студент бар қолынан келері жасынан ата-анасынан көргенін істемек, оқытушыларға ұпайын жоғарылату үшін тағы жемқорлыққа бармақ. Не керек уақыт зырғи студент бірде бар, бірде жоқпен 4 жылдың зырғи өткенін байқамай да қалады. Ата-анасы баласының болашағынан үлкен үміт күтеді. Ол болса уақытын өткізіп, диплом алып шыққанына мәз.
Жиырма бірінші ғасыр ойдың, білімнің заманы. Болашақ студенттер, жас ұрпақ, Қазақстанның, отбасыңның, өзіңнің болашағың өз қолыңда. Бармақ тістеп қалмайық.
Ұстаз ұстанымы
Игі бастама жемісін берсе игі
Өмірбек ОРАЗБАЕВ,
ҚМУ заң факультеті деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары
Соңғы жылдардың өзінде ғана жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға, жемқорлықпен байланыс-ты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар пакеті қабылданды.
Дегенмен де қазіргі кездегі еліміздегі жемқорлыққа қарсы құқықтық жүйенің халықаралық құқық нормаларымен, алдыңғы қатарлы демократиялық мемлекеттердің осы саладағы озық тәжірибелерімен әлі де болса толықтыратын тұстары жеткілікті екенін мойындауымыз қажет. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Қазақстан – 2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықтың мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететін және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналатындығына тоқтала келе, түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керектігін және бұл ретте мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс екендігін қадап тапсырған болатын.
Қазақстандық қоғамның алдында тұрған осындай аса маңызды миссияға үлес қосу мақсатында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, профессор А.Нәметовтың тікелей бастамасымен, заң факультеті ұжымының атсалысуымен "Жоғары білім жүйесінде жемқорлыққа қарсы дүниетанымды дамыту Тұжырымдамасы" дайындалды. Айта кету керек, айтарлықтай қысқа мерзімде әзірленген құжаттың жобасын дайындауда ректордың қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі М.Дәуеновтың де ағалық ақыл-кеңесі аз болмады.
Тұжырымдаманың кіріспесінде жемқорлықтың жоғары білім жүйесі үшін басты деген үш деңгейлі қаупі айқын көрсетілген:
біріншіден – түрлі жемқорлық әрекеттер ұдайы өзгере отырып, жүйеге тереңдей енуі мүмкін де, бұл фактор өз кезегінде білім саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларды баяулатып, мәнін өзгертуі мүмкін;
екіншіден – мемлекеттік басқару құрылымдары, білім жүйелері, меншік формасына қарамастан жемқорлық кесірінен Стратегиядан туындайтын проблемаларды шешуге қауіп төндіреді;
үшіншіден – білім қызметін пайдаланушылар жем-қорлық әрекеттер жасау механизмдерін меңгеріп, одан әрі мемлекеттік басқару органдарына қызметке тұрады, сөйтіп олардың қолына берілетін билік функцияларының ауқымын ескерсек, мемлекеттің конституциялық негіздеріне айтарлықтай қауіп төнбек.
Осы аталған қауіптерді болдырмау бағытында тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері айқын белгіленген.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ