Екі жүрек, бір мұрат

Ел тәуелсіздік алған жылмен байланысы бар ірілі-ұсақты оқиғалардың бәрі елеулі тарих іспетті. Сол кезеңде өмірге келген отбасылар, әрқалай күн кешкен әрбір тағдыр иесі бүгінде өткен шақты қызықпен еске алады. Егемендікпен ғұмырлас болып келе жатқан Мүкеновтер шаңырағы үшін де бұл датаның маңызы зор.
Қазақстан дербестігін жариялаған шақта Меңдібай жігіт болып, жілігі толған азамат еді. Әскерден келіп, құлай ғашық болған арумен жұп құрауды жатпай-тұрмай жоспарлап жүрген кезі. Ойындағысы оңай жүзеге аса қоймайтынын білді. Алайда,іңкәр жүрек алған бағытынан тана қоюшы ма еді?! Араның шалғайлығы, арғы жақтың қарсылығы кесе-көлденең тұрды. Бірбеткей жігіт сонда да тәуекелге бел буды… Басынан өткен махаббат хикаясы күні кеше ғана болғандай оның жадында сайрап тұр.
"Қарлығашымды көрген бойда ғашық болдым. Ол Ресейдің Қорған облысында тұратын. Біздің өңірге келгенінде көзім түскен. Жаңа жыл қарсаңында танысып, көп ұзатпай сөз салдым. Жарты жылдай уақыт жігіт-қыз болып жүріп, хат жазысып, бір-бірімізді қонақ қылатынбыз. Отбасы құруымызға оның ата-анасы қарсы болды. Себеп – екі араның шалғайлығы. Не керек, 1991 жылы оны алып қашуға бекіндім", – дейді ол.
Бұл кезде болашақ жары Қорған қаласына оқуға түсейін деп жүріпті. Қызға білдірмей барып, көлікке алдап-сулап отырғызып алып, Ұзынкөлден бір-ақ шыққан көрінеді. Осыдан кейін Қарлығаш қара шаңыраққа ие болып отырған Меңдібай ағамыздың асыл жары, өмірлік адал серігіне айналды. Тұрмыстың ащы-тұщысын бөлісе татып, жұптары жазылмай келеді.
"Биыл шаңырақ көтергенімізге 31 жыл толды. Айта берсек, бір басымызға жететін оқиға көп қой. Алғашқы жылдары қысылтаяң шақтарды көппен бірге көрдік. Жаңа құрылған мемлекетпен бірге жас жанұямызбен дамып-жетілудің түрлі сатысынан өттік. Ақша да, тауар да тапшы кезде ырымын жасап, қолда бармен тойымызды өткіздік. Ауданға қарасты Қаратерек ауылында тұрдық. Әке-шешем бақилық сапарға аттанғанша қолымызда болды. Таңдап сүйген жарыммен түсіністікте өмір сүріп келеміз. Осы кезге дейін бір шәй десіп көрген емеспіз. Бабымды келістіріп, қонағымды күтіп, шаңырағымның берекесін асырып отыр. Оны маған жолықтырған тағдырыма разымын", – дейді Меңдібай.
Бүгінде олардың екі баласы бар. Тұңғыштары Әділжан 1997 жылы өмірге келген. Араға сегіз жыл салып Дамира есімді қыз туған. Ұл-қызды қатардан қалдырмай өсіріп-өндіріп, оқытып-тоқытты. Әділжан үй шаруасына көмектеседі. Ал Дамира Қостанайда архитектура мамандығы бойынша білім алып жүр. Отбасы қазір аудан орталығында тұрады. Шағын кәсіптері бар. Өзі жиһаз цехын ашқан. Тапсырыспен жұмыс істейді. Ал, әйелі Қарлығаш азық-түлік дүкенін ұстап отыр.
"Осы бейбіт те бақуатты өмірімізге шүкір дейміз. Менің түсінігімде, мемлекет те отбасы секілді. Ішкі татулық пен бірлік, өзара түсіністік пен мейірім, еңбекке деген қажыр-қайрат, жақсылыққа деген сенім мен ұмтылыс болса, бақытты өмірдің кепілі дегеніміз сол. Тәуелсіздік қарсаңында айтар тілегім, отанымыз аман, жұртымыз тыныш болсын, әр отауға ырыс қонсын!" – деп ағынан жарылды шаңырақ иесі.  
 
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓