Ананың ақ тілеуі

«Ардақты Ана» атағының және «Алтын алқа» иегері Нағима Биғалиқызының өмірі жастарға өнеге
Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда туып, қазақы тәлім-тәрбие алып өскен Нағима Биғалиқызы келімі келген, иба-инабаты мол кісі. 19 жасында 1960 жылы ауданымыздың азаматы Фазыл Мұсаұлымен көңіл жарастырып, отау тіккеннен бері сол шаңырақтың құт-берекесі болып келеді. Нағима апа он баланы өмірге әкелген. Ең үлкені – Мұрат, осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болды. Одан кейін Болат, Гүлнар,Талғат, Жалғас, Гүлжан, Гүлшат, Дастан, Ләззат, Гүлім атты балалары бар. Осы ұл-қыздарынан 26 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Асып-саспайтын, сабыр иесі Нағима апа жиырма жыл аудандық орталық ауруханада кассир болып қызмет жасапты. Одан кейін аудандық банкте он бес жыл бойына касса меңгеруші болып тиянақты жұмыс жасаған. Осы жерден зейнеткерлікке шыққан. Ері Фазыл Мұсаұлы болса аудандық банкте жиырма бес жыл бас бухгалтер болған. Одан кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист болып қызмет істеген. Апай құдай қосқан қосағы Фазекеңді ризалықпен еске алады.нагима Бигаликызы
– Ағаң өте сабырлы, көп сөйлемейтін, ісіне мығым, отбасына, қызмет істеген ұжымына, ағайын-туысқа  жайлы азамат еді. Әттең, өмірден сәл ертерек кетті. 1936 жылы туған ғой, 1987 жылы 50 жастан аса бере дүниеден өтті. Шүкір, балалары жаман болған жоқ. Тұңғышымыз Мұрат – әкесінің жолын қуып, аудандық банкте тұрақтап жұмыс істеді.
Ал Болатымыз – ауданымыздың белгілі спортшысы. Аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімін көп жылдардан бері басқарып келеді. Гүлнар, Гүлжан,  Гүлшатымыз – әке жолын қуған бухгалтерлер, Талғатымыз бен Жалғасымыз – кәсіпкер. Дастанымыз – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, Ләззатымыз – Арқалық қаласында электр жүйесінде, Гүліміміз – ауданымыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі болып жемісті қызмет жасап жүр. Бәрі де өмірден өз орындарын алған. Балалы-шағалы.
Бала жақсы болса – ата-ананың көңілі қуанышқа кенеледі. Ал баласы өмірден орнын таппаса ата-ана қиналады. Осылардың бәрін саралай келгенде мен құдай берген бақытты аналардың бірімін. Құдаларым да, күйеубалаларым да өзіміз секілді қарапайым да инабатты жандар. Сыйластығымыз, туыстығымыз жақсы деңгейде. Күн сайын Алладан осы татулығымызға тіл тимесін деп отырамын. Адам баласы өмірге тоймайды ғой. Бүгінде 2 шөбере сүйсем, енді Алла қаласа шөпшек сүйсем деген ниетім бар. Онымды бір Жаратушының өзі біледі. Ағайын-туыспен, ілік-жекжаттармен араласымыз қалыпты жағдайда. Туып-өскен ауданымыздың, Қостанай мен Қазақстанымыздың өсіп-өркендей беруін тілеп отыратын ананың бірімін. Қазір жастардың өмірден орындарын алуына мүмкіндік мол. Ерінбеген жас кәсіп істеп, өзіне де, еліне де пайда келтіруі керек. Мен балаларыма ылғи осыны айтатынмын. Сол айтқанымды орындап, кәсіппен айналысып жүрген балаларым жақсы нәтижелерге қол жеткізуде, – дейді Нағима апай.
Бұл кісінің бойынан аяулы анаға тән асыл қасиеттердің бәрін көруге болады. Ең бастысы қалыптан айнымайтын, қуан­са да, қиналса да өзін ұстай білетін, берекелі, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын жақсы меңгерген, көңілі марқайса тасымайтын, көңілі түссе жасымайтын төзімді, көнтерлі кісі. Осы қасиеті оның балаларының да бойына дарыған. Қай баласы да анасы мен әкесінен алған тәлім-тәрбиеге сай болып өскен.
   Мусиндер әулеті – бүгінде алып бәйтеректей қанат жайып, көбейіп, көркейіп отырған әулет. Олардың ынтымақ-бірлігінің туыстығы мен сыйлас­тығының артуына Нағима апайдың ықпалы зор. Ол дастархан басында болсын, ағайын арасында болсын «Береке – бірлікте, бірліксіз – береке болмайды, ынтымақсыз іс алға баспайды» деп отырады.
Апай қазіргі күні Дастан деген баласының қолында. Болат бастаған балалары аналарына сәулетті етіп үй салып берген. Іші – кірсе-шыққысыз. Сол сияқты олар бірігіп әр қайсысының үйлеріне де бүгінгі өркениетті уақыт талабына сай еврожөндеу жасап, сырты мен ішін сай етіп көркейтіп қойған. Мусиндердің қолдары алтын. Бірігіп кеткенде талай шаруаны жасай алады. Бәрі де шебер құрылысшы.
Нағима Мұсакеліні – бүгінде Еламан әулетіндегі жасы үлкен ардақты әженің бірі болып отыр. Бұл үлкен жауапкершілік екенін ол кісі жақсы түсінеді. Сондықтан да, кейінгі абысындары мен барлық келіндерінің тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте болуына ерекше мән береді. Сол сияқты, осы әулеттің, соның ішінде Мұса атасынан тарайтын қыздардың да бірлігіне, ынтымағына жіті көңіл аударады. Ағайын-туысқа да, аудан халқына да, өз замандастары арасында да сыйлы, құрметті. Осы өмірінде ешкіммен жүз шайысып көрмепті. 
   Әйелдер мерекесі қарсаңында 74 жасқа толғалы отырған Нағима апа ауданымыздың мақтан тұтатын аналарының бірі. Ол бұл абыройға отбасының берекесін келтірумен, өмірге он бала әкеліп, соларды мәпелеп бағып-өсіріп жеткізумен, ата-енесін сыйлаумен, көрші-көлем мен ағайын-туысты құрметтей білумен бөленіп отыр. Бұл кісіні нағыз қазақы ана деп айтсақ еш артықшылығы жоқ.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Суретті түсірген автор.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓