Зейнетақы жүйесін жаңғырту – заман талабы
Биыл еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толды. Осы аралықта Қазақстанның зейнетақы жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, уақыт талабына сай жаңарды. Ал тиімді зейнетақы жүйесін жасау, еліміздің әрбір азаматын қамсыз қарттықпен қамтамасыз ету мемлекетіміздің ең маңызды міндеттерінің бірі. Рас, соңғы жылдары зейнетақы жүйесі біраз өзгерістерге ұшырады. Жалпы, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзгерістер несімен тиімді? Біз бұл туралы экономика ғылымдарының докторы, профессор Сансызбай Жиентаевтан сұрап білген едік.
– Сансызбай Мұхаметғалиұлы, сіз экономист ретінде еліміздегі зейнетақы жүйесіне көңіліңіз тола ма? Яғни, біздегі зейнетақы реформасы оң нәтиже беріп отыр деп айта аласыз ба?
– Жалпы, мемлекет деңгейінде алғашқы рет зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін Германияда 1889 жылы Отто фон Бисмарк деген кісі ұйымдастырған. Неміс жүйесінің негізі – міндетті әлеуметтік сақтандыру жарналары. Бұл жүйе кейін Данияда және Жаңа Зеландияда, одан кейін басқа да мемлекеттерде пайда бола бастады. Ал Кеңес өкіметі тұсында зейнетақы жүйесі 1936 жылдан бастап жүзеге асырылды. Оны құру адамның экономикалық жағдайына байланысты туындады. Өйткені, адам қартаяды, қартайған соң жұмысының тиімділігі азайып, жоспарларын өз бетінше орындай алмайды. Сондықтан оған экономикалық қажеттілік керек болды. Ал еліміздің отандық зейнетақы жүйесі өз тарихын 1998 жылдан бастады. Осы жылы еліміз зейнетақыны жинақтау жүйесіне көшіп, мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры құрылып, еңбек ететін азаматтардың барлығы тапқан табысының 10 пайызын қорға аударып жатты. Алайда, кейін жеке зейнетақы жинақтаушы қорларына тұрғындардың көпшілігі сенімсіздікпен қарады. Себебі, салымшыларының аударған қаржысын тиімсіз қаржы құралдарына инвестициялап, мыңдаған адамның аманатына қиянат жасаған қорлардың кездескені де рас. Әрине, кім болса да күні бойы еңбектеніп тапқан нәпақасының 10 пайызын ауыздарынан жырып беріп отырған соң, соның жемісін, яғни, бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Міне, жаңа жүйеде осы жағы қарастырылған. Мәселен, бұрын базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтар үшін тең болып, еңбек өтілі мен жалақысына қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалды. Ал жаңа жүйе бойынша базалық зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты биылғы жылдың шілде айынан бастап тағайындалады.
Шынтуайтында, зейнетақы жүйесі – халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтитын тақырып. Ал зейнетақы жүйесін бір орталыққа топтастыру тиімді шешім деп білемін. Негізі, әлеуметтік саланы толығымен мемлекеттің бақылауға алғаны дұрыс. Себебі, мұндай күрделі саламен тек мемлекет қана жұмыс істей алады. Сондықтан жеке қорлардан гөрі, үкіметке сенім артқанымыз жөн. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, өзгерістердің де кері жақтарының болатыны сөзсіз. Сол себепті, жаңа жүйе толық бір ізге түскенше түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Қалай дегенмен, зейнетақы жүйесінің әртараптандырылған үлгісінен зиян көрмейміз әрі оның уақыт өте нәтиже беретіні де анық.
– Жалпы, Қазақстанға зейнетақы қоры керек пе?
– Атам қазақ зейнетақы дегенді білді ме. Себебі, қазақта ата-ананы балалары бағады. Өкінішке қарай, қазіргі заманда бұлай деп толық сеніммен айта алмайсыз. Сондықтан зейнетақы жүйесі бізге де керек. 2013 жылдың күзі мен 2014 жылдың көктемінде жеке қорлардағы зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырылды ғой. Бұл дұрыс шешім. Себебі, оған дейін біздің өмір бойы жиған ақшамыз жекенің қолында болды, ал қазір үкіметтің бақылауында.
– Қалай ойлайсыз, қордағы қаржымыз қамсыз қарттығымыздың кепілі бола алады ма?
– Иә, зейнетақы мәселесі – қоғамдағы маңызды сала. Оның артында қаншама адамның еңбегі мен күнкөрісі жатыр. Сондықтан адамдар зейнетақы жағынан ешқандай қиындықтар көрмеуі қажет. Тағы да қайталап айтамын, жаңа жүйенің тиімділігі өте жоғары. Себебі, қырық жылдан астам еңбек еткендердің 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есептелмеді, нәтижесінде аз зейнетақы алуға мәжбүр болды. Ал жаңа жүйенің арқасында енді ондай кісілердің бұрынғы есепке алынбаған еңбек өтілі қайта есептелмек. Мен жаңа жүйе енгізілмей тұрғанда да қорда жиналған ақшамды сыпырып алған жоқпын. Өйткені, жеке қорларға жем болғым келмеді. Нәтижесінде, қазір сол жиналған қаражат өзімнің зейнетақыма қосылып отыр. Соның арқасында мен бүгіндері қомақты зейнетақы алып, өмір бойғы еңбегімнің зейнетін көріп отырмын деп айта аламын.
Қазіргі жаңа жүйе бойынша әйел адамдардың зейнет жасын 58-ден 63 жасқа дейін біртіндеп көтеру қарастырылған. Әрине, кейбір жұрт зейнеткерлікке ертерек шығып, еңбегінің зейнетін көргісі келеді. Бұл әсіресе, жұмыс істемейтін ауылдағы әйелдерге қатысты. Екінші жағынан, әйелдердің зейнет жасын ерлерге теңестіру – бұл әйел адамдардың зейнетақы қорындағы жинақ қаражатын арттыруға мүмкіндік береді деген пікірдемін. Жинақтауға қосымша бес жыл қатысу – әйелдердің қаражатын арттыратыны сөзсіз. Бір жақсысы, зейнетке шығу жасы бірден арттырылмай, әрбір жыл сайын 6 айдан қосылып отырады екен. Бұл да әйел адамдардың қамсыз қарттығының кепілі дер едім. Ауылда, малмен күн көріп отырған отбасылар бар. Дегенмен, біздің мемлекет ондай адамдарды да далада қалдырып жатқан жоқ қой. Айтайын дегенім, өмір бойы жұмыс істемеген адамдардың да зейнет жасына жеткенде күн көрулері үшін мемлекет базалық зейнетақы төленіп отырады. Ал мұндай мүмкіндік әлемнің бірқатар елдерінде қарастырылмаған.
Түптеп келгенде, еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесін бүгінде жұмыс істеп жүрген кез келген адамның ертеңгі келешегі деп қарауымыз керек. Осыны ескерген Елбасымыз Қазақстанда Зейнетақы жүйесін реформалауды еліміздің алдағы даму стратегиясымен сабақтастыра отырып, оны халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен үйлесімді етуді міндеттеді. Сондықтан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуы да заман талабы тудырған қажеттілік екенін ұмытпағанымыз жөн.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ.