Жарқын болашақ – білімді ұрпақта
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оқушылардың шығармашылық шеберліктерін шыңдау мақсатында жалпы білім беретін оқу орындарының 7-11 сынып оқушылары арасында "Жарқын болашақ" республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңі болып өтті. Білім олимпиадасына елу бес бала қатысты. Бір айта кетерлігі, осы тұрғыдағы байқау алғаш рет өткізіліп отыр.
Әр номинация бойынша өткен білім сайысы тартысты өтті. Оқушылар өз өнерлерін, білімдерін ортаға салды. Сайыс төрешілеріне де үздіктерді анықтау оңайға түскен жоқ. Сонымен, білім олимпиадасының нәтижесінде бір топ оқушылар "Тілші-әдебиетшілер", "Жас ғалымдар", "Жазушылар", "Сөз шеберлері", "Әнші-бұлбұлдар" сынды номинациясында үздік деп танылып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Әсіресе, солардың ішінде қазақ сыныптары бойынша мемлекеттік тілде оқытатын Қарасу негізгі мектебінің оқушылары Данияр Тлемисов, Айдана Серікбаева, Шолақаша орта мектебінің оқушысы Әлихан Сейтов, Ключевой орта мектебінің оқушысы Инабат Көптілеуова, ал орыс сыныптарының оқушылары арасынан Екатерина Тихоненок (Железнодорожный ОМ), Жәнібек Сапабек (Ленин ОМ) және Виктория Горлова (Ленин ОМ) қарсыластарынан оқ бойы озып, облыстық олимпиадаға жолдама алды.
Әсем ӘЛКЕЕВА, аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Қарасу ауданы.