Отан үшін отқа түскен

 
Майдангер Қазбек Әлжапаров туралы сөз
1. Москва үшін шайқас
Ұлы Отан соғысының  тарихынан белгілі болғандай,  1941 жылғы 13 қазанда Москваға  әкелетін  барлық  оперативтік   бағыттарда  кескілескен  ұрыстар басталды.Алжапаров Казбек
Бұл Ұлы Отанымызға шындап қауіп  төнген ерекше күндер еді. Осындай  жағдайда  Кеңес Одағы  Коммунистік  партиясының  Орталық Комитеті мен  Мемлекеттік  Қорғаныс  Комитеті  орталық мекемелердің  бір бөлігі  мен бүкіл дипломатиялық  корпусты  және  ерекше  маңызды  мемлекеттік  құндылықтарды астанадан Куйбышев  қаласына  көшіру  жөнінен шешім қабылдады. 
Күн өткен сайын Москваны бомбалау  өрши түсті. Әрбір  түн  сайын әуе дабылы қағылып жатты. Бірақ бұл тұста жергілікті  әуеден  қорғану  шараларын нығайту  жөнінен көп іс тындырылған еді. Миллиондаған  азаматтар қорғаныс ережелерін  игеріп,  "зажигалкаларды"  залалсыздандыруды  жақсы білетін.
Жоғарғы Бас Қолбасшы  Москва маңына  истребительдік, штурмдық және бомбалаушы авиацияның ірі  тобын  шоғырландырды.
20  қазанда Москва мен оның  төңірегіндегі  аудандарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысымен төтенше жағдай енгізілді. Астананы  қорғайтын барлық әскери  бөлімдерде  тәртіп қатайтылды. Әрбір  үлкенді-кішілі  тәртіп  бұзушылық қатаң  жазаланды. Жаудың  жандайшаптары – паникерлерге Москва  тұрғындарының  өздері  сазайын  тартқызды.
Сол кездегі  Кеңес елінің  астанасы өз басына  төнген қауіпті ержүректікпен, қайсарлықпен қарсы алды. Партия Орталық  Комитеті мен Москва қалалық комитетінің астананы қасық қан қалғанша  қорғап,  жау аяғын  бастырмау  жөніндегі  шақыруы  әрбір москвалықтың жүрегіне  жетті. Москвалықтар қалаға  кіре беріс жолдардың  бәріне  бекініс  орнатып, қаланы алынбас қамалға айналдырды.  Москваны  қорғау  талай ұрпақ мақтан етер ерлік  эпопеясына  айналды.
1941 жылғы қазанның  аса ауыр  күндерінде Батыс  майданының  әскери  кеңесі үндеу  жариялады: "Жолдастар! Біздің  мемлекетіміз  үшін  аса қатерлі шақта әрбір  жауынгердің  өмірі Отандікі.  Сол Отан біздің  әрқайсымыздан  орасан зор  күш-жігерді, ерлік пен  батырлықты, төзімділікті талап етеді. Отан бізді  алынбас  қамалға  айналып, фашист  жендеттерінің  Москваға  жолын кесуге шақырады".
Москва үшін шайқастың шешуші күндері  жақындап қалды. Волокаламск – Можайск – Малоярославец – Серпухов  қорғаныс  шебінің  кейбір  тұсы  жау  қолында еді. Енді майданның әскери  кеңесі қорғаныстық жаңа шебін  белгіледі. Ново-Завидов-Клин-Истрин  су қоймасы, Истра-Красная Пахра-Серпухов-Алексин.
Уақыт өтіп  жатты. Ұлы  Қазан социалистік  революциясының 24 жылдығына  арналған салтанат  Москва  метросының  "Маяковский" станциясында өтті.  Ал дәл 7 қараша  күні  Қызыл алаңда  әдеттегідей әскери  парад  өтті. Жауынгерлер сол  қасиетті  Қызыл алаңнан бірден майданға  аттанды. 
Бұл оқиғалар армияның, кеңес халқының  моральдық  рухын көтеруге  өлшеусіз  әсер еткені  және үлкен  халықаралық мәнге ие болғаны белгілі. И.В.Сталиннің сөзінде  партия мен үкімет-тің неміс-фашист басқыншыларының күлі көкке ұшатындығы жөніндегі сенімі айқын  аңғарылған еді.
Дегенмен жау  әлі  күшті еді. Ол Москваға  жақындап  келе  жатты.
Дәл  осындай  сәтте  Жо-ғарғы  Бас Қолбасшының  Жуковтан:
– Сіз біз Москваны қорғап қалады деп сенесіз бе? Мұны мен жүрегім сыздап сұрап тұрмын. Коммунист ретінде  турасын  айтыңыз, – деп  сұрағаны бар.
Жуков болса:
– Москваны сөзсіз қорғап  қаламыз. Бірақ әлі ең кемі екі армия мен  ең болмаса екі жүз  танк  керек, – дейді.
Москва үшін шайқасқа Қазақстанда жасақталған 316-атқыштар  дивизиясының  көрсеткен ерлігі  аңызға айналды. Оның  командирі генерал Иван Панфилов пен жауынгерлері өз есімдерін Ұлы Отан соғысының  тарихына  алтын  әріптермен жазды.  Бүгіндер Волокаламск  қаласында Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов пен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына  қойылған ескерткіштер бар.
Москва үшін шайқас Ұлы Отан соғысы  тарихындағы ең шешуші  кезең  болды. Екпіні  қатты жаудың  мысы  басылып,  кейін шегінді,  көп  әскері мен  техникасын  жоғалтты. "Жеңілмейтін Герман  армиясы"  деген дақпыртқа  сызат түсті, фашистердің жеңіске деген сенімі  жойылды. Фашистерді  Москва түбінде тас-талқан қылғаннан кейін тек қатардағы неміс  солдаттары ғана емес, сонымен бірге  көптеген офицерлер мен генералдар да  Кеңес  мемлекетінің  қуат-күшінің  сарқылмас бұлағына  қайран  қалды, Кеңес Қарулы  Күштері алынбас қамал екенін көріп білді,  сөйтіп  дәрменсіздік  күй  кешті.IMG_7638чб
Отан үшін қауіп төнген  осынау  сәтте И.В.Сталин  Москвадан  аттап шықпай, бүкіл  басшылықты  астанадан жүзеге асырды. Бұл да  біздің  әскерлерге күш-жігер бергені ақиқат.
1965 жылғы 8 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Москва қаласына "Қаһарман қала" атағы берілді.
2.Қазбек аға – қаһарман
Сол кездегі алып держава – Кеңес Одағының астанасы Москва қаласын қорғауға қатысқан ержүрек жауынгерлердің бірі – Қазбек Қалиұлы Әлжапаров еді.
Иә, ел басына түскен ауыртпалық Қазекеңдерді ерте есейтті. Ұлан-байтақ елдің тағдыры үшін жауапкершілік сол буынға түсті. Бақайшағына дейін қаруланған жау әуелгі сәтте екпіндей басып Мәскеуге таянды. Отан үшін өмір мен өлім белдескен небір қиын сәт туды. Ағамыз қолға қаруды дәл сол бір шешуші тұста алды. Неміс-фашист бас-қыншыларының екпіні күшті-тін. Енді, міне, Москва түбінде эшелонданған бекініс жасап, бет қаратпай тұрған кез еді. Біздің әскер әлсіреген. Жаңа күш келіп қосылған батальонда командир мен оның адъютантынан басқа оқ-дәрі иісін иіскеген жан да болған жоқ. Бірақ ұрыста тұрыс жоқ. Екі-үш күннен соң бұлар да қолға қару алып, ұрысқа  кірді. Жау оғы бет қаратпайды. Жан-жақ астан-кестен. Бойда – намыс, кеудеде – кек. Қайтсең де қарға адым шегінбе!  Ұран осы. Сол 1942 жылғы 4 тамыздағы ұрыс Қазбек ағаның мәңгі-бақи есінде қалды. Өйткені, бұл алғашқы шайқас еді,  сағы сынбады, жау бекінісіне де жетіп, фашистердің дырқырай қаша бастағанын көрді. Қалғаны есінде жоқ. Медсанбатта ғана ес жиды. Калинин облысы Кашин қаласындағы әскери госпитальда емделіп, ұзақ жатты. Сауыққаннан кейін қайта сапқа тұрып, 117 ерекше атқыштар бригадасы құрамында тағы да ұрысқа кірді. Батальон комсоргы еді. Өңкей өзі сияқты өрімдей жастарды қанаттандыра білді. Калинин облысы Молодой Тут ауданында болған кескілескен ұрыста немістерді бекініс-тен дүркірете қуды. Олармен қанаттас Қазақстанда құрылған 100, 101 атқыштар бригадалары да ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп жатты. Осы ұрыстар нәтижесінде Калинин облысы жаудан азат етілді. Қазекең тағы да жаралы болып, госпитальға түсті.
Емделгеннен кейін саперлар ротасына қосылды. "Сапер өмірде бір-ақ  рет қателеседі". Яғни, нағыз білгірлікті, мұқияттылықты талап ететін іс бұл. Талай миналарды залалсыздандырды. Шыбын жанды шүберекке түйіп, талай ерлік көрсетті.
Кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау барысында үшінші рет жаралы болып, саперлер ротасымен қош айтысып, госпитальдың тар төсегіне тағы да таңылды.
1943 жылдың қысынан 1944 жылдың көктеміне дейін ол құрамында болған бөлімше алдағы үлкен шайқастарға дайындалды. Бұл кезең Ұлы Отан соғысының тарихында жоғары бағаланып, фашистердің әскери машинасын күйзелтуге, сағынып күткен Ұлы Жеңісті жақындатуға ерекше әсер еткен талай шайқастарға толы болды.порт-Артур
Белоруссия әскери операциясы деп аталған бұл шайқастарда немістердің төрт армиясы қоршауға алынып, көптеген әскери техникасы, қару-жарағы қолға түсті. Бұлардың 39 армиясы Белоруссияның Витебск қаласын, Литваның Каунас қаласын босатып, фашистерді ел шекарасынан Шығыс Пруссияға қуды. Әлжапаров Лиозно теміржол станциясын азат ету шайқасында төртінші  рет  жаралы болды.  Жау зеңбірегінің снаряды жарылып,  жарқыншақ  сол қолының сүйегін қақ бөлді. "Қырық  жыл қырғын болса да ажалды өледі". Оның әлі де татар дәмі, жұтар ауасы бар екен. Емделіп, тағы да сапқа тұрды. Көрген азап, төгілген қан, бойға құт деп, соңғы рет Шығыс Пруссияның орталығы, адам баласы ала алмайды деп жасаған  көптеген  бекіністермен қоршалған Кенигсберг қаласын штурммен алған шайқасқа қатысып, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған қуанышты сәтінің куәсі болды. Бұл оның өмірдегі ең бір бақытты шағы еді.
Бірақ оны тағы бір сын күтіп тұр еді. 1945 жылғы 15 мамырда 39 армия эшелондарға тиеліп, ұзақ сапарға аттанды. Зымыраған поезд Москваның сыртымен Қорған, Омбы, Новосибирск, Чита қалаларынан өтіп, Монғолияның Чойболсан қаласына келіп бір-ақ тоқтады. Әлі де көретін  азабы аз емес екен. Ендігі халықаралық міндет екінші дүниежүзілік соғыстың қалған от-жалынын сөндіру еді. "Адамның басы Алланың добы" демекші, жапон империалистерімен соғыс басталып, Гоби шөлін басып Қытай жеріндегі Кіші, Үлкен Хинған тауларынан өтіп, Маньчжурия жерімен Харбин, Мукден, Чанчунь, Жәхе Дайрен қалаларын басып, Порт-Артурға дейін жетті. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс өртін толық сөндіріп, бүкіл адамзаттың, Отанымыздың алдындағы борышын абыроймен орындап, жеңімпаз атанып, елге 1945 жылдың аяқ кезінде аман-есен жетті. Сіз 1042 күн мен түн бойы оқ пен оттың ішінде жүріп, толарсақтан қан кешіп, мұз жастанып, небір адам баласы төзгісіз азап пен қиыншылықтарды бастан кешті. Еліміздің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірін сақтап қалды. Сол үшін де  майдангерге айтар бүгінгі ұрпақ алғысы шексіз. Сол  ерлікке  тағзым  етіп,  бас иетін  адамдардың  бірі де өзіміз.
Ұлы Жеңістің  60 жылдығына  орай  ағамыз Москвада,  Қызыл  алаңда өткен  шеруге  қатысып еді, әттең бүгінгі күнге жете алмады.
Сәлім      МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕРДЕ: Генерал Иван Панфилов (сол жақта) майдандас достарымен бірге; Қазбек Әлжапаров; Порт-Артурдың көрінісі.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓