Бұйырмаған жеңілдік немесе бес баласы бар жас маман неге тығырыққа тірелді?
Нұрболат Бикенов,
Қостанай аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Өзге аудандармен салыстырғанда біздің ауданға екі-үш есеге артық жас маман келеді. Мәселен, былтырдың өзінде аудан бойынша 84 жас маман "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. Яғни, бағдарламаға сай тиісті жеңілдіктерді алуға өтініш білдірген азаматтардың қатары көп. Біздің мақсатымыз келіп түскен құжаттардың бәрін экономика бөліміне өткізу. Одан кейінгі жұмыстар аталған бөлімде жүзеге асады.
Бұл бағдарламаға арналған қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінеді. Сондықтан жас мамандардың бәрін қамту мүмкін емес. Ең алдымен алыстағы ауылдарда жұмыс істейтін жас кадрларға көңіл бөлеміз. Екіншіден, мамандықтың қаншалықты сұранысқа сай екендігі ескеріледі. Жас мамандардың бәрінің өтінішін қамти алмайтын сәттер болады. Ондай жағдайда келесі жылдың бюджетінен қарастырамыз.
Еркебұлан Ермағамбетовтің құжаттарын қабылдадық. Ауданда өзге де жас мамандар кезек күтіп отыр. Мемлекеттік бағдарламамен көтерме жәр- демақы және пайызсыз несие алғысы келетін жастар көп. Біз азаматтардың өтініштерін қанағаттандыруға тырысамыз.
Қала тіршілігіне қызықпайтын адам кем де кем шығар. Әсіресе, жастардың дені ауылды тастап, қалаға қарай ағылады. Өз замандастарынан қара үзіп, ауыл жақта тұрақтап қалған жастар аз секілді көрінеді. Сондай санаулының қатарында Еркебұлан Ермағамбетовты атар едік. Ол бүгінде бес баланың әкесі. Қатарластарынан қалмай жоғары оқу орнын бітірген. Оқуын аяқтаған соң "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасымен жұмысқа да орналасты. Бір әттеген-айы, жас маман мемлекеттік бағдарлама бойынша тиесілі жеңілдіктерге қол жеткізе алмай отыр. Оған не себеп? Істің мән-жайын білу үшін кейіпкерді ауылына іздеп барған едік.
Еркебұлан Ермағамбетов Науырзым ауданының тумасы. Соңғы жеті жылда Рудный қаласында тұрған. Күн көрістің қамымен әр жерде жалданып жұмыс істеді. Алайда, кеншілер қаласында ұзақ тұрақтап қала алмады. Себебі, жеке басына тиесілі баспанасы болмады. Жалдамалы пәтердің ай сайынғы ақысын төлеу оңай емес. Оның үстіне бес баласы бар отбасыға бір бөлмелі пәтер тарлық етеді. Иә, кейіпкеріміздің бес баласы бар. Тұңғышы Мәдина 12 жаста, екіншісі Жәния 9 жаста, үшіншісі Наргиз 5 жаста, төртіншісі Інжу 4 жаста, ал кішісі Кәусар 2 жаста. Келіншегі Гауһар қыздарын тәрбиелеп, үйде отыр. Мұндай тірлікпен қаладан үй алу қиынға соғады. Сондықтан Еркебұлан Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 2014 жылы маусым айында бітіріп шықты. Қолына диплом тиісімен мамандығы бойынша жұмыс іздеуге кіріседі. Шілде айында Қостанай ауданына қарасты Московский селосына жолы түсіпті. Сол уақытта ауылдағы мектепке тарих пәнінен мұғалім керек екен. Еркебұлан көп ойланбастан жұмысқа орналасуға келісім берген. Осылайша өткен жылы тамыздың соңында бала-шағасын алып Мәскеу ауылына қоныс аударды. Жаңа оқу жылы басталғанша бейтаныс ауылдан пана болар үй іздеді. Қазіргі тұрып жатқан баспананың иесі сол уақытта Беларуссияға көшкелі жатыр екен. Еркебұлан аталған ауылдағы танысының атынан несие рәсімдеп, үйді сатып алады. Мінекей, арада өткен жеті айдың ішінде үйдің несиесін төлеп отыр.
– Бағдарлама бойынша ауылға барсаңыз біржолғы көтерме жәрдемақы және пайызсыз несие беріледі дегенді естідім. "Үмітсіз шайтан" деген бар емес пе?! Бір жақсылыққа сендім… Отбасымның жағдайы оңалар деп ойладым. Бірақ, жас маман ретінде не көтерме жәрдем-ақы, не пайызсыз несие алмадым. Қалада пәтер жалдап тұрғанымыз аздай, ауылда үй үшін несие төлеудемін, – дейді Еркебұлан Ермағамбетов.
Кейіпкеріміз Московский орта мектебіне жұмысқа орналасқан күні-ақ құжаттарын жинап аудандық білім бөліміне тапсырған. Алғашында өткізген құжаттары қайтып келіпті. Жас маманның өтініші қабылданбапты. Себебі, бұл бағдарлама бойынша бюджет қаржысы таусылып қалған. Екінші мәрте құжат өткізгенімен, жақсы жаңалықтан әлі де хабар алмады. Жас маманның күтуден басқа амалы жоқ. Кейіпкеріміз биылғы жылы да ілікпей қаламын ба деп қорқады. Оның алаңдайтын жөні де бар. Бес баласы отағасының жалақысына қарап отыр емес пе.
"Армансыз адам – қанатсыз құспен тең" деген бар емес пе. Иә, әркімнің өз арманы бар. Біреу бай болсам, енді біреуі құдай болсам дейді. Біздің кейіпкеріміз тағдырынан көп нәрсе дәметпейді. Адал еңбегімен нәпақасын тауып, бала-шағасын асырауды қалайды. Қылықты қыздарын қатарынан қалдыр-мауды ойлайды. Ең бастысы, бағдарлама бойынша тиесілі жеңілдіктерге қол жеткізсем дейді…
Қымбат ДОСЖАНОВА