Жалғыз басты ананың өтініші орындалды
Аудан орталығының тұрғыны Нұржамал Әлмұхамбетова екі перзент тәрбиелеп отырған ана. Күйеуі осыдан он жыл бұрын жол апатынан көз жұмыпты. Қолында он сегіз жасар мүгедек баласы бар. Нұржамал су тасып ішудің қиындықтарын айтып аудан басшыларына бірнеше рет өтініш айта барыпты. Ол кезде ол тұратын Набережная көшесіне су құбырын тарту жұмыстары мүлде жоспарланбаған екен. Жергілікті билік жалғызбасты ананың өтінішін аяқ асты қалдырмай, қысқа мерзім ішінде оның пәтеріне кезектен тыс су кіргізіп берді.
-Бұрынғыдай су іздеп сабылмайтын болдық, қазір жағдайымыз жақсарды. Сапалы ауыз су құбыры үйге еніп тұр. Менің мүгедек баламның барлығын ескеріп осындай жағдай туғызған аудан басшыларына алғысым шексіз,-дейді Нұржамал бізбен әңгімелескенде.
-Енді үйге кәріз жүйесін тартып берсе тіпті жақсы болар еді. Өйткені, азамат жасындағы мүгедек баламды әлсін-әлсін далаға шығара беру мүмкін емес. Егер кәріз жүйесі болса, үйдің ішінен дәретхана, жуынатын бөлме салып алар едік.
Жалғыз басты ананың жанайғайынан кейін жоспарға кірмеген Набережная көшесіндегі барлық үйге су құбыры тартылды. Қазір көше тұрғындары ауыз судың рахатын көріп отыр.
Жалпы, Жаркөл өңірінде мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Бағдарлама үш жылға негізделген. Аудан орталығын және оған іргелес елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қазынадан 1,75 млрд.теңге қарастырылған. Қара суық түскенше тағы бір топ федоровтық тұрғындар ауыз судың игілігін көрмек.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.